Ақтаудағы Rixos қонақ үйінің маңында қайғылы оқиға болды

Бүгін, 09:18 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Ақтаудағы Rixos қонақ үйінің маңында 25 қазанға қараған түні қайғылы жол апаты болды, деп хабарлайды turkystan.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, 2001 жылы туған мотоцикл жүргізушісі кенеттен жолға шыққан атқа соғылған. Соққы салдарынан жануар сол жерде өлген, ал мотоциклші ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмған.

Куәгерлердің айтуынша, апат кезінде мотоциклдің тахометрі 8000 айналымды көрсеткен, бұл жүргізушінің алтыншы берілісте жоғары жылдамдықпен қозғалғанын білдіреді.

Жол апаты болған аумаққа қатынайтын жүргізушілер мен мотоциклшілер жол қауіпсіздігі мәселесін бұрыннан көтеріп келеді. Олардың айтуынша, демалыс аймақтарына апаратын жол жол белгілерімен және қоршаулармен жеткілікті жабдықталмаған, ал жол бойында еркін жайылып жүрген мал жиі кездеседі.

Мамандардың пікірінше, жануарларда шағылыстыратын таспалардың болмауы және ескерту белгілерінің орнатылмауы түнгі уақытта оларды жүргізушілерге көрінбейтін етеді, бұл жиі жол-көлік оқиғаларына себеп болады.

Көлік иелері мен мотоциклшілер жергілікті билікті және мал иелерін жолдардағы қауіпсіздікті арттыру шараларын қабылдауға шақырды. Олар ескерту белгілерін орнату және жануарларға жарық шағылыстыратын элементтер тағу арқылы жаңа апаттардың алдын алуға болатынын айтады.