25 қазан – еліміздің мемлекеттілігін айқындайтын маңызды күндердің бірі. Әлемде көптеген елде Республика күні ерекше маңызы бар мейрам ретінде тойланады. 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Республика күні қайтадан мемлекеттік мереке мәртебесін алғалы бері елімізде де бұл айтулы мереке ерекше тойланып келеді. Осы орайда Turkystan.kz сайтының тілшісі осындай маңызды датада дүниеге келген бірнеше тұрғынның пікірін жазып алған еді.
Шамшия Мұқашқызы, көпбалалы ана, алтын алқа иегері. Павлодар облысы, Баянауыл ауданының тұрғыны:
1949 жылы 25 қазанда Қарағанды қаласы, Ботақара ауданы, Үлгі ауылында дүниеге келдім. Әкем алты жасымда қайтыс болды. Анам нағыз еңбек адамы еді. Сауыншы болып еңбек етті. Тұрмыс тауқыметін ерте сезіндік. Еңбек пен тәртіпті өміріміздің өзегіне айналды. Құдай қосқан қосағым шопан болып, мал шаруашылығымен айналысты. Он бала өсірдік. Кеңес кезінде жолдасыммен бірге озат шопан атанып, жоспарды асыра орындап отырдық. Осылай қырық жыл ғұмырымыз Кеңес құрамында өтсе, Тәуелсіз Қазақстанда 35 жыл өмір сүріп жатыр екенбіз. 1990 жылы Егемендік декларациясы жарияланып, кейін Тәуелсіздік алғанда бөркімізді аспанға атып қуандық. Содан бері менің туған күнім тек отбасылық мерекеге емес, елдің мерекесіне айналды. Қазір балаларым мен немере-шөберелерім тек туған күніммен ғана емес, Егемендік мерекесімен қоса құттықтайды. Үйде екі мерекені атап өтеміз. Жарық дүние есігін ашқан күніңді тек өзің емес, ел болып атап өтіп жатқаны көңіліңді марқайтады. Ең бастысы – Егемендік мерекесі мәңгі болсын! Сонда ұрпағымыз да ашық аспан астында, тәуелсіз, бейбіт ғұмыр кешеді.
Бақшагүл Тұрғалиева, көп балалы ана, күміс алқа иегері. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының тұрғыны:
Мен 1958 жылы 25 қазанда Қарағанды облысы, бұрынғы Егіндібұлақ ауданы, Арқалық совхозы, Едірей бөлімшесінде дүниеге келдім. Отбасында екі қыз ғана болдық, әпкем және мен. Ол кезде Қазақстан тәуелсіз мемлекет болмаған соң, Республика күні де болған жоқ. Менің туған күнім отбасымыз үшін ерекше күн болғанымен, күнтізбедегі қарапайым күндердің бірі болды. Кейін тұрмыс құрдым. Жолдасым екеуміз балалы-шағалы болдық. Тоқсаныншы жылдары, алтыншы сәбиіме жүкті кезім, халықтың әлеуметтік жағдайы қиын еді, дүкендердің сөрелері бос тұратын, ұн таппай қалған кезіміз де болды. Қазір таңдау көп қой. Ол кезде тіпті қап-қара 2 сұрыпты ұнға да қанағат еттік. Қолымыздағы азын-аулақ малымызбен күнелттік. Сол жылдары Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданып, еліміз тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасады деген жаңалықты естідік. Ерекше қуандық. Тәуелсіздіктің таңы атты. Содан бері бұл күн атаулы датаға айналды. Әр жыл сайын балаларым шоқ гүлдерімен құттықтап келеді. Туған күн мен еліміздің егемендік күні деп, басымыз қосылып, мәре-сәре боп атап өтеміз. Ең бастысы – Отанымыз тыныш, аспанымыз ашық, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!
Сабина Дарханқызы, Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің 3 «А» сынып оқушысы, Балқаш қаласы:
25 қазан – менің туған күнім! Күн санап, жақындаған сайын титтей жүрегімді қуаныш пен мақтаныш кернейді. Туған күнімнің Республика күнімен тұспа-тұс келуі – мен үшін ерекше қуаныш! 25 қазан – менің туған күнім ғана емес, Отанымның мерейлі күні! Сол себепті мен бұл күнді жыл сайын асыға күтемін. Көк аспанда желбіреген Көк Туды көрген сайын бойымды мақтаныш сезімі билейді. Себебі мен өзімді Тәуелсіздікпен бірге туған бақытты ұрпақпын деп есептеймін.
Қарағанды облысы, Балқаш қаласында дүниеге келдім. Бұл – менің сүйікті шаһарым. Көл жағасындағы самал жел мен күн нұры, айналамдағы адамдардың мейірімі мен жылуы маған күш береді. Осы ортада өсіп, тәуелсіз елдің еркін ойлы, асқақ арманшыл перзенті болу – үлкен бақыт. Білімге, ізденіске құштармын. «Зерде» зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстарының республикалық байқауының қалалық кезеңінде медицина, психология және экология бағыты бойынша І орын иегері атандым. Сонымен қатар, «Абай әлеміне саяхат» республикалық байқауының І дәрежелі жеңімпазымын. Математика пәнінен өткен олимпиадаларда да жүлделі орындарға ие болып келемін.
Жуырда өзім оқитын Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің «Жас қыран» ұйымына қабылдандым. Бұл – мен үшін зор жауапкершілік, үлкен сенім. Елімнің лайықты азаматы болуға, жақсы оқып, пайдалы іспен айналысуға талпынамын. Бос уақытымда би билегенді жақсы көремін. Қаламыздағы Ағыбай батыр атындағы Оқушылар сарайының «Айтұмар» би тобына қатысамын. Би менің көңіл-күйімді көтереді, шабыт сыйлайды. Тіпті, ғажайып бір қиял әлеміне жетелейді. Болашақта кім болатынымды әлі нақты білмеймін. Бірақ мен өзімді түрлі бағытта сынап жүрмін. Ең бастысы — елімнің дамуына кішкентай болса да үлес қосар азамат атансам деймін. Өз елімді жанымдай сүйемін. Маған туған жерімнің әрбір тасына, көліне, самалына дейін қымбат. Еліммен бірге өсіп, биіктерге самғағым келеді!