Республика күні қарсаңында «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының Әйелдер қанаты «Қоғам келбеті – кемел әйел» тақырыбында кейс-платформа ұйымдастырды. Атырау қаласындағы Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда қолға алынған игі іс-шара партияның «Әйел аманаты» бастамасы аясында өткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әйелдер қанатының кеңесшісі, облыстық мәслихат депутаты Айжан Қарабаеваның төрағалығымен өткен іс-шараның мақсаты – қыз-келіншектердің қоғамдағы рөлін арттыру, олардың кәсіби және тұлғалық дамуына қолдау көрсету, тәжірибе алмасу арқылы жастарға үлгі болу. Сонымен қатар партиядағы әйелдер көшбасшылығын дамыту және көшбасшы қыз-келіншектердің жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған тұрақты алаң құру көзделуде.
Кейс-платформа барысында түрлі салада еңбек етіп жүрген әйелдер – теміржолшылар, режиссерлер, психологтар, ұстаздар, кәсіпкерлер және табиғатты қорғау саласының мамандары өз тәжірибелерін бөлісті.
Мәселен, теміржол саласының ардагері Нұрия Нұрымова 1989 жылы Теміржолшылар балабақшасында алғаш қазақ тобын қалай ашқанын айтып, өзінің өнегелі өмір жолымен бөліссе, ақпарат саласының үздігі, Атырау облыстық телеарнасының режиссері Разия Қасымова телеарнадағы табандылық пен шығармашылықтың маңызына тоқталды.
Облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы Венера Мүтағалиқызы жастар арасындағы тәуелділік мәселелерінің алдын алу тәсілдерімен бөлісті. Ал «Альдана» туризм орталығының директоры Айгүл Өтеғалиева отбасылық тәрбие мен кәсіпкерлік жолындағы тәжірибесін жеткізді. Ұстаз әрі тренер Жанар Жалғасбаева копирайтинг және икигай қағидалары туралы тың ақпарат ұсынды.
«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов қатысушыларды Республика күнімен құттықтап, әйелдер көшбасшылығын нығайту бағытында партия тарапынан атқарылып жатқан жұмысқа тоқталды.
«Елімізде әйелдердің қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру – «AMANAT» партиясының басым бағыты. Облыс аумағындағы партия мүшелерінің 68 пайызы – әйелдер. Биыл 9 айда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының 23,4 пайызын қыз-келіншектер құрап отыр. Бұл – әйелдердің ел өміріне белсенді араласып келе жатқанының айғағы», – деді ол.
Іс-шара соңында Абдолла Идресов пен Атырау облысы әкімінің жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Айгүл Әжіғалиева кейс-платформа спикерлеріне, партия белсенділері мен көпбалалы аналарға Алғыс хаттар және сый-сияпаттар табыстады.