Түркістанды қалай түлетеміз?

24 қазан, 2025 / Túrkіstan IPW

Еліміздің тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдан асқан уақытта Түркістан облысы құрылды. Оның орталығы Түркістан қаласы болып бекітілді. Президент Қ.Тоқаев қалаға ерекше статус берді, Парламент бекітті.

Келешекте Түркістан түркітілдес ха­лық­тардың басын біріктіретін, қа­зақ­тың көне тарихын әлем жұртшылығына та­нытатын, туризмі дамыған үлкен орталық бол­атынына сенім мол. Таяу жылдарда ха­лық­тың саны еселеп өседі. Бірақ Түркі­стан­ның бүгінгі жағдайы көп ойлануға итер­ме­лейді. Тез арада қандай түйткілдерді шешуге тиіс­піз?

Шөлге айналған аймақ

Түркістан қаласы мен Түркістан өңірі бү­тіндей Арал-Сырдария экологиялық ай­мағына жатады. Қысқа уақыт ішінде Сыр­дария маңайы антропогендік шөлге айналды, ор­ман-тоғай тек өзен жағасында ғана жиі көз­ге шалынады. Қызылқұмның ыстық ауа­сы кедергісіз Түркістанға жетеді, кейінгі жыл­­дары ауа температурасының орташа жыл­дық көрсеткіші 1°C-қа көтерілген, ал жауын-шашынның жылдық мөлшері 28 мм-ге төмендеген. 
Жылдың құрғақшылық кезеңі 225 күнге созылады. Наурыз айынан бастап қараша айы­ның ортасына дейін жауын-шашынның булану деңгейі басым, топырақтың жо­ғарғы қабаты түгел кеуіп кетеді. Жазда ауа тем­пературасы 45-50°C-қа дейін жетеді, аңы­зақ «керімсал», ал қыста «қарасуық» желі со­ғады, осының барлығы тек қана келуші­лер­ге ғана емес, жергілікті тұрғындарға да қолайсыздық тудырады.
Сырдария өзенінің бойындағы орман-тоғайды қалпына келтіріп, Қызылқұмның ыс­тығына тосқауыл жасау, Түркістан қа­ла­сы­ның солтүстік-шығысына жасыл орман отыр­ғызу, Ясы өзенінің арнасын тазарту, са­лынған құрылысты алып тастау, ағаш отыр­ғызу – Түркістан қаласының экология­лық климатын жақсартудың негізі.
Бүгінде қаланың оңтүстігіне сексеуіл, т.б. ағаш түрлерін отырғызу жұмыстарын жүр­гі­зіп жатыр, бұл Қызылқұмның ыстығына, сол­түстік-шығыстан тұратын Арыстанды-Қарабас желіне тосқауыл бола алмайды, қар­жы босқа шығын.
Қаланың көшелері мен мекемелерін кө­гал­дандыруда ауқымды жұмыс жүргізілген, бірақ көп жағдайда декоративті ағаштардың ерекшеліктері ескерілмеген. Адамдар көп жүре­тін тротуарлардың бойына жапырақты, ау­руханалар ауласына фитонцидтер бөлетін ар­ша, балабақшаларға жеміс ағаштарын, жү­зім өсімдіктерін отырғызған тиімді. Жал­пы, Түркістан қаласын көгалдандыру, ди­зай­нер-дендролог мамандардың басшылығымен жоспарын жасау – бүгінгі күннің талабы. Кө­гал­дандыруды тендер арқылы жүргізу тү­бегейлі қате, нәтижесі жоқ.
Осы жағдайға байланысты өсімдіктердің де­коративті түрлерін аридті жағдайда инт­родукциялау, қалалар мен аймақтарды кө­гал­дандыру тек ғылыми ғана емес, сонымен қа­тар әлеуметтік-экологиялық маңызға ие. 
Осы мәселелерді шешу үшін Түркістан қа­ласында 1994 жылы аумағы 88 гектар, Қо­жа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті құрамына кіретін жаңа Ботаникалық бақ құрылды. Ботани­калық бақта фитоинтродукциялық ғылыми-зерттеулердің нәтижесінде маңызды эконо­микалық, экологиялық қорытындылар жа­салынды. 
Ботаникалық бақта Түркістан қаласын, Арал-Сырдария аймағын көгалдандыруға де­коративті өсімдіктердің 25 түрі ұсынылды, пи­томникте жыл сайын 100-120 мың көшет дайындау, өндіріске енгізу жоспарланып отыр. 
Ахмет Ясауи университетінде фи­тоинтро­дукция мамандарын дайындауға то­лық мүмкіншілік бар, алайда көгалдан­дыру­мен кездейсоқ адамдар айналысады, нә­тижесі төмен, мемлекеттік қаржы босқа жұм­салады.

«Жонға» жан бітер күн қайда?

Қаратаудың Үшөзен-Жон сұлу таби­ға­тын Түркістан халқының демалыс орнына ай­налдыру керек. Жонның төбесі теп-тегіс, суы таусылмайтын бұлақтар. Жаздың шілде айында ауа температурасы 15-20 градус. Тө­мен жағында Үшөзеннің суы сарқырап ағып жа­тыр, плотина салып, су қоймасын орна­туға толық мүмкіндік бар, халық таза суға шомылады. 
«Жон» қысқы демалыс орнына қолайлы, қар қалың жауады, шаңғы, т.б. спорт түрлерін ұйымдастыруға болады. Қаратаудың бұл ауда­ны халықтың ертеден отырықты мекені. Жаз жайлауы, қыс қыстауы болған. Үшө­зен­нің әр саласында 20-30 отбасы отырған. 1930 жылдары олар колхоз болып тіршілік етті, мал өсірді, егін екті. Халыққа қажетті су диір­мен жұмыс істеген, бастауыш мектебі бол­ған.
1950-1960 жылдары колхоздарды бірік­тіру нәтижесінде таудағы кіші шаруа­шы­лықтар таратылды, халық Түркістан маңына қоныс аударды. Ал 1990-2000 жылдары мал са­ны күрт азайып, таудың шұрайлы жері бү­гінде бос қалды.
Түркістан әкімшілігі демалыс орнын ұйым­дастыруға біраз әрекет жасады, «Шаға» жа­ға­сын салды. Қомақты қаржы жұмсалды, бірақ бұл жер бүгінде жұмыс істемейді.
Төбеңнен өтетін 40 градус ыстығы да, тұла бойыңды күйдіретін керімсал желі де «Ша­ғада» демалуға мүмкіндік бермейді. Бұл орын­ның келешегі жоқ, ал оны қайта жаң­ғырту – ақшаны далаға шашу.

Әулиелер ізімен: туризмді жаңғыртар кез келді

Президент Қ.Тоқаев биылғы Жол­дауында Қазақстанда туризмді да­мы­туға айрықша тоқталды. Осы орайда Түр­кістанда діни туризмді кешенді өркен­де­тетін уақыт келді. Түркістан өлкесінде көп­теген әулие жатыр, халық олардың басы­на үй салған. 
Арыстан баб – Ахмет Ясауидың ұстазы. Арыс­тан баб кесенесінің территориясы шағын жерді алып жатыр, қарасора, құрақ қа­мыс басқан, топырақ сорға айналған. Ме­лиорациялық күрделі жұмыстар жүргізіп, го­ризонтальдық дренаж системасын орна­тып топырақты тұздан тазартып, жергілікті климатқа төзімді тораңғыл, жиде ағаштарын отырғызу, желге қарсы орман орнату, кесене орналасқан аймақты оазиске айналдыру – бүгінгі күннің талабы. 
Арыстан баб ғимаратының алаңына Қара­таудың тас плиталарын арнайы құрал-жабдықтарды қолданып мамандар орнатуы ке­рек, оны жабайы төсеген. Арыстан баб тер­риториясын жергілікті халықтың, қонақ­тардың демалыс орнына айналдыруды қолға алу керек.
Кесененің маңына адамдарды жерлеуге бол­майды, бейітті басқа жерге орнатқан жөн.
Әлемде тарихи орындар судың, өзеннің жа­ғасына салынған. Атақты Тәж Махал Жа­муна өзенінің бойына, ал Ахмет Ясауи мав­золейі Ясы өзенінің сол жағасына салынған. Бұл кездейсоқ емес, ойланған мәселе, өзен­дер горизонтальдық дренаж қызметін атқар­ған. 
Ясы өзені – Қарашықтың тарихи ескі ар­насы, қаланың ортасынан өтіп, Сыр­дария­ға құйған. Бүгінде арна толық көмілген. Жер асты суы көтеріліп, Ахмет Ясауи ғимаратын тұз басу қаупі төніп тұр.
Ясы өзенінің арнасын қалпына келтіру, ирригациялық-мелиорациялық жұмыстар жүргізу, Ахмет Ясауи ғимаратын сақтау мемлекеттік деңгейдегі өзекті әрі жауапты мә­селе.
Ахмет Ясауи мавзолейі тер­ритория­сының көгалдандырылуы көңілден шығады. Бірақ жапырақты сәмбі тал, еменнің орнына көлеңкесі аз декоративті ағаштар отырғы­зыл­ған.
Кесененің оңтүстігіне су қоймасы, көл­шік салынған, екі аралық 800 м ша­­масы. Жер асты суы бір деңгейде болады, оның Ахмет Ясауи ғимаратына кері әсері анық, зерттеу жұ­мыстары жүргізілмеген. Бұл су қойма­сы­ның қала тұрғындары мен ту­рис­терге шіл­денің қайнаған ыстығында пай­да­сы шамалы.
Үкаша ата кесенесі Қаратаудың етегінде ор­наласқан, Түркістан қаласынан 45 ша­қырым шамасы. Мұндағы құдықтың құры­лыс­ы ерекше, геологиялық заманда пайда болған сияқты, ағын суға орналасқан.
Жылаған ата Қаратаудың Жонында жа­тыр, Түркістаннан 70 шақырым. Бұл бекер емес, келешекте халықтың мекені бола­ты­нын әулие білген. Балықшы әулие Қаратау­дың солтүстік жағында, Сүйіндікте жатыр. Түркістаннан Созаққа шығатын асуды Ба­лық­шы деп атайды. 
Созақ ауылында (Қарабура), Құмкентте Ба­ба түкті шашты Әзиз, Қаратаудың сол­түс­тік бауырында кіші бала Бөген өзенінің бойын­­да Али Сыланқызы Нурила (Домалақ ана), Сайран ауданында Ахмет Ясауидың әкесі Ибрагим ата, Қарашаш ана, Қазығұрт тауын­да Ахмет Ясауидың шәкірті Ақтамберді (Ақбура), Ғайып Ерен қырық шілтен әулие­лер кесенелері орналасқан.

Тіршілік тамыры

Түркістан өңірінің ауа райы жағдайы, топырағы және басқа ерекшеліктеріне байланысты өңір бес экологиялық-экономи­калық ауданға топтастырылады: Сырдария бойының жағасы, Сырдарияның ескі даласы, Қаратау сілемдері жазығы, Тау бөктерінің адыр­лы даласы, Қаратау.
Сырдария бойының топырақ құрамы көктемгі тасыған суға байланысты. Сырдарияның бір текше метр суында 5-10 келі құм-қиыршықтастар мен минералдар бар, олар ғасырлар бойы жерге шөгіп, аллю­виалды топырақ қабатын құрады. Сондықтан өзен жағасы топырағының құрамында құм мен саз алмасып келеді. Топырақ қабатының (А+В) қалындығы 20-25 см, құрамында 1 пайызға жуық гумус бар, өсімдікке зиянды тұздар аз. Сыр алқабында қауын-қарбыз, кө­көністің түрлерін өсірген тиімді, жоғары өнім алуға болады. Топырақ пен ауа райы қо­лайлы болғандықтан механикалық құра­мы жеңіл, құмшауыт жерлерге қызылша, сә­біз, пияз жақсы шығады. Жер асты суы жа­қ­ын ызаға еккен қауынның құрамында 50 пайыз қант болады. Сыр бойында жел аз тұ­рады, қауынның жапырақтары аударыл­май­ды, мұртшалары қурамайды. Қысқасы, Сыр алқабы қауын мен қарбыздан әрі сапа­лы, әрі жоғары өнім алатын экологиялық ау­дан­ға жатады. Диқандар бұл өңірде қауын­ның ерте пісетін, қысқа сақтайтын, қақ жа­сайтын, т.б. жүзден аса сортын өсірген. 
Сырдарияның ескі даласы ертеде жай­қалған оазис болған. Бұл өңірде Отырар қа­ласы, серіктес қалашықтар өсіп-өркенде­ген. Егіншілік жүйесі, бау-бақшасы жақсы дамыған, арада бірнеше ғасыр өтсе де, сол кездегі суару жүйелерінің іздері кездеседі. Бірақ бүгінде суару тәсілдерінің топырақ ерекшеліктеріне сәйкес жүргізілмеуі, кол­лектор-кәріз жүйесінің нашарлығы салдары­нан топырақтың үстіңгі қабатын тұз басып, жер егіншілікке пайдаланудан шығып, шөлге айналған. Жұрт Отырар қаласын тастап, Қара­тауға қарай көшкен. Мәселен, Отырар қаласына жақын Отырарабад елді мекені сол кез­де жердің ең шұрайлысы болса, қазір шөл­ге айналған, темір жол жанында үш-төрт отбасы ғана тұрады. Осындай себептерден жер асты суы көтеріліп, топырағы сорға ай­нал­ған соң, Шойтөбенің тұрғындары да кезін­де Күлтөбеге ауысқан сияқты (қазіргі Түр­кістан қаласы). Бүгінде бұл өңір шөл да­лаға айналған, қарабарқын, жыңғыл сияқты бұталар өседі, тұрғындар оларды тамырымен қазып, отынға пайдаланып жүр.
Артезиан суларын шығарып, Сырдария өңі­рін, тау сілемдерін жеміс-жидек өсіретін ай­маққа айналдыруды қолға алу керек. Ха­лық селекционерлерінің қолында алманың, өріктің, жүзімнің ондаған сорты бар. Олар осы жердің климатына бейімделген.
Түркістан өңірі – табиғаты бай өлке. Жер астында үлкен су көлі бар, артезиан сква­жиналарын қазып, оларды құбырлармен қосып, ауызсу, қаланы көгалдандыру түйт­кіл­дерін шешуге болады. 1993 жылы уни­верситет қалашығында тереңдігі 850 метр сква­жина қазылған еді, одан секундына 25 литр су шығады. 
Қаратаудың Шаян елді мекені тұсында тас плиталардың кені бар. Оны Түркістан қа­ласының алаңдары мен көшелері, жиек-жол, аяқжолдарының құрылысына пай­да­ланған экономикалық тұрғыдан аса тиімді әрі сәнді, ұзақ жылға шыдамды. Қазіргі қол­данылып жүрген материалдар тым қым­батқа түседі, әрі кетсе 4-5 жылда тозады. 
Созақтағы тұзды қара кенде жылдар бойы қона жатып халықтар буын, бел, Ащы­сай тұсындағы сарқырап ағып жатқан қос бұ­лақ­тың емдік суымен неше түрлі тері ауру­ларын емдеген. Осы мүмкіншіліктерді кеңі­нен пайдаланатын арнайы шипажайлар салатын уақыт келді, халықтың денсаулығы түзеледі. 
Түркістан – Қарнақ – Үкаша Ата – Үш-ө­зен – Жон – Созақ автомагистраль жолын сал­са, электр жүйесін жүргізсе, Түркістанның күр­делі түйіткілдерін шешуге болады. 
Ахмет Ясауи – Үкаша ата – Жылаған 
ата – Балықшы – Созақ – Баба Ата – Домалақ ана жаңа туризм маршруты ашылады, табиғаты сұлу Үшөзен – Жон Түркістан халқының демалыс орнына айналады. 
Жон теңіз деңгейінен 1 000 метр биік. Келешекте жазы салқын, қысы жұмсақ Үшөзен – Жон өңіріне халық көп қоныс­тана­ды, жергілікті тұрғындар мен туристерге жағдай жасалынады, құрылыс нысандары салынады, қалашық орнайды. Түркістан хал­қы жұма күні кешкі жұмыстан шығып сен­бі, жексенбі күндері үш қонып Үшөзен – Жонда демалады, дүйсенбіде жұмысқа барады. 
Бұл – түркістандықтардың арманы.
Түркістан – Үшөзен – Жон арасы 70 ша­қырым, Арыстан баб пен Түркістан арасы – 60 шақырым. Туристерге қызмет көрсететін этнографиялық мекен қызметкерлері таңер­тең Түркістаннан жұмысқа келеді, кешке үй­леріне қайтады. Екі аралыққа такси ағы­лып жатады, автобус қатынамайды. Осы мә­се­ле де оң шешімін тапса дейміз. 
Экологиялық-экономикалық аудандар­дың өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес ғылыми даму жоспарын жасап, бұл өңірде егін шаруа­шылығының барлық салаларын өркендетуге, же­міс пен жидек, қауын мен көкөністің са­па­сын жақсартып, экологиялық таза өнім өн­діруге, бау-бақша өнімдерін өңдейтін кіші өн­діріс орындарын салып, солтүстік аймақ­тарды жеміс шырыны және өрік қағымен қамтамасыз етуге болады.
Түркістан мен Созақты ауыл шаруашы­лы­ғы мен өнеркәсібі, мәдениеті мен туризмі өркендеген экономикалық аймақ жасау пай­далы. Қаратаудың теріскей мен күнгей бет­кейін ертеден-ақ тарихы бір халық ме­кен­деген. 
Түркістан – Созақ – Қарағанды тас жо­лын салуды ойластыру керек, ондай жағ­дай­да Түркістан облысының аудандары сол­түс­тіктің өндіріс орындарына тікелей шығады.

Құлахмет БАЙЖІГІТОВ, 
биология ғылымдарының докторы

Тэгтер:

Түркістан