«Азамат Тұяқбаев Дастан Сәтпаевтан кем түспейді» – испандық футбол агенті

24 қазан, 2025 / Дана Ізтілеуова

Испандық футбол агенті Алехандро Парра 18 жастағы «Қайрат» футболшысы Азамат Тұяқбаевтың Дастан Сәтпаевтан кем түспейтінін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz. ASnews.kz сайтына сілтеме жасап.

«Қателесуім мүмкін, бірақ менің ойымша, Азамат таланты жағынан Дастаннан кем түспейді. Ол жас болғанына қарамай, салқынқанды футболшы және әрқашан гол соғуғы тырысады, мұны біз «Пафосқа» қарсы ойында көрдік. Оның тепкен доптары шынымен де қауіпті шықты. Менің ойымша, Тұяқбаевқа жастардың дамуына басымдық беретін ұзақ мерзімді жоба қажет», – деді Парра.

Испаниялық маман 18 жастағы шабуылшыны Еуропаға ауысады деп болжам жасап отыр.

«Егер ол мансабын Италияда немесе Испанияда жалғастырса, ойын уақытын алатынына сенімді болуы керек. Мен Азаматты Исак Вурал сияқты дамытып, басқа жаққа сата алатын «Палермо» немесе «Фрозиноне» сияқты клубтарға ауысқанын қалар едім. Қазақстандықтың футбол IQ-ы ғаламат екен», – деді маман.

Еске сала кетейік, Азамат Тұяқбаев «Пафосқа» қарсы ойында Чемпиондар Лигасында дебют жасаған болатын. Футболшы бұған дейін ҚПЛ-да «Жетісу» командасына қарсы ойында алаңға шығып, гол салған-тын.

Тэгтер:

Дастан Сәтпаев Азамат Тұяқбаев футбол агенті