Ел өмірін таспалаған 30 жыл: «Хабар» агенттігі медиа биігінде

23 қазан, 2025 / Дана Ізтілеуова

Қазақстанның жетекші медиахолдингтерінің бірі – «Хабар» агенттігі өзінің 30 жылдық мерейтойын тойлайды. Отандық журналистиканың қалыптасу кезеңін түйіндеп, жаңа белестерге бет бұрған маңызды кезең.

1995 жылы құрылған «Хабар» 30 жыл ішінде шағын шығармашылық ұжымнан халықаралық деңгейдегі ірі медиахолдингтердің біріне айналды . Агенттік отандық телевизияның жаңа дәуірін бастап, ұлттық журналистиканың биік стандарттарына жол ашты. Бүгінде «Хабар» ел үні мен замана тынысын жеткізетін сенімді ақпарат көзі, ұрпақтарды байланыстырып, цифрлық дәуірде жаңа мүмкіндіктерге жол салып келе жатқан ұлттық брэнд.

Мерейтойлық жыл көлемінде бірқатар мазмұнды жобалар жүзеге асты. Қазмедиа орталығында ашылған «Хабар: 30 жыл суретпен» атты көрме арна тарихындағы маңызды сәттерді бейнелесе, агенттік ардагерлері мен жас мамандар университет студенттерімен кездесіп, кәсіби тәжірибесімен бөлісті.

Кезінде көрермен ықыласына бөленген «XXI ғасыр көшбасшысы» мен «Азамат» бағдарламалары жаңаша форматта қайта ұсынылып, Khabar RETRO YouTube арнасы арқылы кең аудиторияға жол тартты. Сонымен қатар, Агенттік архивіндегі үздік жобалар арнайы телемарафон аясында эфирге шықты.

Жыл көлеміндегі маңызды оқиғалардың бірі «Хабар» туының Гималай шыңына тігілуі. Мұндай символикалық экспедициялармен қатар, футбол, волейбол, бильярд турнирлері мен «Хабар Summer» мәдени фестивалі өтті.

Телеарна тарихындағы әр буынды тоғыстырған ерекше жобалардың бірі - эфирге алғашқы жүргізушілердің қайта оралуы. Олар қазіргі әріптестерімен бірге медиахолдингтің өткені мен бүгінін еске алды. Ал әлеуметтік желідегі «Әріптес әңгімесі» секілді форматтар мен backstage-видеолар жас аудиториямен байланысты нығайтты.

Мерекелік жылдың қорытынды шарасы  бүгінгі мерейтойлық кеш. Бұл кеште Агенттікке еңбек сіңірген ардагерлер мен қазіргі буын бір сахнада бас қосып, дәстүр мен жаңашылдықты, тарих пен бүгінгі күнді ұштастырады.

Кеш бағдарламасында:

Мерекелік эфирдің бас серіктесі Forte Bank, мәдени және қоғамдық жобаларға тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан қаржы институты.

«Хабардың 30 жылдығы – бұл үлкен жолдың бір белесі ғана. Біз өткенімен мақтанамыз, келешекке сеніммен қараймыз. Агенттік ұлттық ақпарат кеңістігінің маңызды бөлігі, әрі сенімді жаңалық көзі», – деді «Хабар» Агенттігінің басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев.

Бүгінде «Хабар» екі телеарнаны, цифрлық платформаларды, 450 миллионнан астам қаралым жинаған 10-нан аса YouTube арнаны біріктіретін медиахолдинг. Агенттік Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағы (ABU) мен Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) мүшесі, сондай-ақ 15 елде өз тілшілер желісін қалыптастырған.

Тэгтер:

«Хабар» агенттігіне 30 жыл «Хабар» агенттігі