Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын жүзеге асыру мақсатында елімізде табиғатқа қамқорлық жасау ісінде қоғамның күш-жігерін біріктіруге бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы қолға алынуда. Осы бастама аясында «AMANAT» партиясы еліміздің барлық өңірінде игі дәстүрге айналған «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын өткізуде, деп хабарлайды turkystan.kz.
Акцияның басты мақсаты – қалалар мен ауылдарды тазалау ғана емес, экологиялық жауапкершілік мәдениетін нығайту, азаматтарды тазалық, тәртіп және қоршаған ортаға ұқыпты қарау құндылықтары төңірегінде топтастыру. Ортақ іске тек партияластар ғана емес, туған өлкенің табиғатын қорғауға үлес қосқысы келетін тұрғындар, жастар және волонтерлер қосылуда.
Республика күні қарсаңында «Таза бейсенбі» акциясы еліміздің барлық өңірінде өтті. Мәселен, Түркістан облысы Сарыағаш ауданында «AMANAT» партиясының мүшелері Сарыағаш қаласының «Самал» шағын ауданындағы «Ана мен бала» аллеясын тазалады. Ұйымдастырушылар экология және тазалық сақтау мәселелеріне тұрғындар назарын аударды. Акцияға бас-аяғы 80-нен астам адам қатысты. Олар аллея аумағын және оның айналасын қоқыстан тазартып, ағаш суарып, түбін қопсытты. Сондай-ақ орындықтар мен қоқыс салатын жәшіктерді бояды. Аудан тұрғындары мұндай бастамалар тазалық сақтап қана қоймай, адамдардың бойында экологиялық жауапкершілік сезімін қалыптастыратынын атап өтті.
«AMANAT» партиясы Сарыағаш аудандық филиалының төрағасы Шермат Бегматұлының айтуынша, азаматтардың қоршаған ортаны қорғау ісіне араласуы ерекше маңызға ие.
«Тұмса табиғатымыз – баға жетпес байлық әрі келешектің кепілі. Экологиялық мәдениет тек тазалық жүргізу акцияларымен шектелмейді. Ол өмір салтына айналуы керек. «Таза бейсенбі» акциясы қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үндейді және тұрғындардың жауапкершілік сезімін нығайтады. Біз ауданды абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жүргізу іс-шараларын үнемі қолға алып келеміз», – деді ол.
Жезқазған қаласында «Жастар Рухы» жастар қанаты Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп ағаш отырғызды. Акцияға қатысушылар Алашахан даңғылы бойында 25 көшет отырғызды. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да ағаштарды күтіп ұстау мәселесіне ерекше назар аударатынын атап өтті.
«Республика күнін игі әрі пайдалы іспен де атап өткіміз келді. Әрбір көшет – ел болашағының нышаны. Оған қамқорлық жасау – баршамызға ортақ парыз», – деді «Жастар Рухы» жастар қанаты Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Нұргүл Талғатбекова.
Дәл осындай акция Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында өткізілді. Қатысушылар орталық алаң мен негізгі көшелерді қоқыстан тазартты. Іс-шараға партия мүшелері, белсенді жастар және қала тұрғындары қатысты. Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Сергеевка қаласында партияластар тұрғындармен бірге қоқыс жинап, аулаларды абаттандырды. Сондай-ақ шөп шауып, қоршаулар мен шағын сәулет нысандарын бояды. Ал Атырау облысында акция Жылыой ауданы Тұрғызба ауылында өтті. Бастауыш партия ұйымының бастамасы аясында қатысушылар санитарлық жұмыс жүргізіп, көшелер мен қоғамдық аумақтарды қоқыстан тазартты. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Балтабай ауылында партия мүшелері мен жергілікті тұрғындар жалпы ауданы 4 гектарды құрайтын Летвинов көлінің айналасын тазалап, 8 тоннадан астам қоқыс жинады.
Осылайша, «Таза бейсенбі» акциясы азаматтарды тазалық орнату, туған жерге қамқорлық жасау және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау идеясы төңірегінде топтастыратын қоғамдық қозғалыстың бір бөлігіне айналды.