«Заң мен тәртіп»: ШҚО-да жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған іс-шара өтті

23 қазан, 2025 / Інжу Әлихан

Республика күні қарсаңында Қазақстан-Американдық еркін университетінде жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру мақсатында «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында диалог алаңы ұйымдастырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шараға университет студенттерімен қатар Шығыс Қазақстан облысының құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Спикерлердің қатарында ШҚО прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Қайырбек Хайдаров, ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Сағатбек Малтүгелов, ШҚО бойынша Экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Жандос Мұзтауов болды.

Ашық диалог барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың профилактикасы, сондай-ақ заңға бағыну мәдениетін қалыптастырудың маңызы сияқты өзекті мәселелер талқыланды.

Ерекше назар құқық бұзушылық үшін жауапкершілік, цифрлық қауіпсіздік және қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтудағы жас ұрпақтың рөліне аударылды.

Спикерлер өз тәжірибелерінен мысалдар келтіріп, азаматтардың құқықтарын қорғаудың заманауи тетіктері туралы айтып, студенттердің сұрақтарына жауап берді.

Жастар белсенділік танытып, талқылауға қызығушылықпен қатысып, өз пікірлері мен мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын білдірді.

Іс-шара жылы әрі конструктивті атмосферада өтіп, өңір жастары арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруда диалог форматының маңызын тағы бір мәрте көрсетті.