ҚазҰУ Қазақстанның Мемлекеттік егемендік декларациясының 35 жылдығын атап өтті

23 қазан, 2025 / Інжу Әлихан

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Республика күні мен Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына арналған «Мемлекеттік егемендік туралы декларация және қазіргі Қазақстан: сын-қатерлер, жетістіктер, тұрақты дамудың ауқымы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ауқымды жиынға еліміздің және шетелдің беделді ғалымдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, университет басшылығы, белгілі ғалымдар, профессорлар, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Конференцияны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ашып, қатысушыларды Республика күнімен құттықтады. Ол бұл мерекенің күнтізбедегі жай ғана дата емес, ұлттық бірліктің, мақтаныш пен болашаққа деген сенімнің айшықты символы екенін атап өтті. Ректор өз сөзінде академиктер Сұлтан Сартаев пен Салық Зиманов сынды ұлт зиялыларының еңбегін ерекше атап өтіп, олардың есімдері қазақстандық конституционализм тарихында мәңгілікке жазылғанын айтты.

«Қазір Қазақстан цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дәуірінде жаңа белеске қадам басты. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен еліміз «Заң және тәртіп» қағидаттарына негізделген жаңғыру стратегиясын табысты іске асыруда. Бұл бағыт әділеттілік, ашықтық және жауапкершілік құндылықтарын тұрақты дамудың басты ұстанымына айналдырды», – деді ректор.

Сонымен қатар шара барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова, заң ғылымының докторы, профессор Игорь Рогов, Алматы қаласы прокурорының орынбасары Дамир Қатаев және өзге де қонақтар құттықтау сөз сөйледі.

Пленарлық отырыста еліміздің көрнекті ғалымдары мен сарапшылары Қазақстанның егемендігі мен мемлекеттілігінің қалыптасуы, саяси жүйенің дамуы, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық жаңғыру үдерістері жөнінде мазмұнды баяндамалар жасады.

Конференция жұмысы секциялық отырыстарда жалғасты. Онда «Егемен мемлекет ретіндегі Қазақстанның конституциялық-құқықтық дамуы», «Мемлекеттік егемендік – құндылық ретінде: сын-қатерлер мен болашаққа пәнаралық көзқарас», «Экономикалық саясат және тұрақты дамудың конституциялық қағидаттары» және тағы басқа тақырыптар кеңінен талқыланды.