«Мерейлі отбасы – 2025»: Астанада еліміздің 20 үлгілі отбасы марапатталды

Бүгін, 21:40 / Өтей Торғайұлы

Астанада Республика күні қарсаңында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Байқауға еліміздің барлық аймағынан келген өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары қатысты. Олар – көпшілікке үлгі көпбалалы, еңбек адамдары және шығармашыл отбасылар.

Іс-шараға Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ҚР Парламенті депутаттары, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазақстандық отбасыларды қолдауға бағытталған ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Азаматтардың әлеуметтік жағдайы жақсарып, ана мен баланы қорғауға ерекше көңіл бөлінгенін де сөз етті.

«Президентіміз биылғы Жолдауында да азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған маңызды міндеттер жүктеді. Мұның бәрі еліміздегі әр отбасының өміріне оң ықпал етуді және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді. Сонымен қатар кейінгі жылдарда бұл салада кешенді бастамалар табысты қолға алынғанын да атап өткен жөн. Нақты айтқанда, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылды. Жас буынның сапалы білім алуын қамтамасыз ету мақсатымен «Келешек мектептері» сияқты жобалар жүзеге асырылуда. Білім беру процесіне цифрлық технологияны енгізуге арналған іргелі істердің де мәні зор. Сонымен қатар, ана мен бала денсаулығын сақтау, олардың құқығын қорғау басты назарда. Балалы отбасыларды қолдау шаралары нығайып, сәби күтімі үшін өтемақы төлеу мерзімі де ұзартылды», – деді Сенат Төрағасы.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы – рухани және отбасылық құндылықтар мен отбасы институтын нығайту мақсатында 2014 жылы бастау алған бірегей жоба. Осы жылдар ішінде байқауға 20 мыңнан астам қазақстандық отбасы қатысты.

Биыл байқау он екінші рет өткізіліп отыр. Оған еліміздің барлық өңірінен 3434 өтінім түскен. Әр өңір бойынша жеңімпаз анықталып, барлығы 20 отбасы марапатталды. Оларға естелік мүсіншелер, дипломдар мен 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сертификаттар табысталды.

«МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ - 2025» ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ:

Айтқожиндер отбасы – Астана
Дүйсебаевтар отбасы – Алматы
Нұртаевтар отбасы – Шымкент
Мекебаевтар отбасы – Ақмола облысы
Төремұратовтар отбасы – Ақтөбе облысы
Бекдайырлар отбасы – Алматы облысы
Үтеповтар отбасы – Атырау облысы
Жақыповтар отбасы – Шығыс Қазақстан облысы
Бектасовтар отбасы – Жамбыл облысы
Суюңгараевтар отбасы – Батыс Қазақстан облысы
Ключниковтер отбасы – Қарағанды облысы
Егамбердиевтер отбасы – Қостанай облысы
Абсадиұлы отбасы – Қызылорда облысы
Шолтамановтар отбасы – Маңғыстау облысы
Үзбековтар отбасы – Солтүстік Қазақстан облысы
Тұрсынбаевтар отбасы – Павлодар облысы
Молдабековтар отбасы – Түркістан облысы
Сыдықбаевтар отбасы – Абай облысы
Бектеновтар отбасы – Жетісу облысы
Қапбасовтар отбасы – Ұлытау облысы

Тэгтер:

Астана Мерейлі отбасы