Базардағы орын үшін ірі сома төлеуге мәжбүр: «AMANAT» тұрғындардың өтініштерін тыңдады

22 қазан, 2025 / Дана Ізтілеуова
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев азаматтарды қабылдады. Соның барысында кәсіпкерлікті дамыту мен шағын бизнеске қысым жасаудан бастап, спорт кешендерін салуға дейінгі маңызды мәселелер көтерілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Азаматтарды әділдікке қол жеткізу мәселесі, құқығының қорғалуы және нақты қиындықтарға тап болған жандарға мемлекеттің қол ұшын созуға әзірлігі алаңдатады.

Мәселен, Астанадағы мектептерге азық-түлік жеткізетін бір топ кәсіпкер қалалық білім басқармасы қолданыстағы шарт талаптарын бұзып отырғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, биыл қыркүйек айынан бері мектептерде Денсаулық сақтау министрлігінің стандартына сәйкес әзірленген жаңа мәзір енгізілді. Соған байланысты, тағамдар шамамен 30%-ға қымбаттады. Солай бола тұра, азық-түлікке бөлінетін қаржы құны өзгермей отыр. Яғни, бір оқушының бір реттік тағамы – 714 теңге. Баға былтыр белгіленді. Алайда, инфляция мен азық-түлік бағасының қымбаттауы назардан тыс қалды.

«Балалар тұтынатын тағам сапасын жақсарту мәселесін қолдаймыз. Алайда бұл қадам нақты экономикалық түзетулермен қатар жүруі керек. Бүгінде 714 теңге азық-түлік пен логистикаға жұмсалатын шығынды өтемейді. Кәсіпкерлер шығынға ұшырауда. Ал өзге өңірлерде осы мәселе бизнеспен диалог орнату және мәзірді бюджет мүмкіндігіне сай бейімдеу арқылы шешілуде», – деді Қоғамдық тамақтану қауымдастығының өкілі Нұргүл Ахметова.

Ержан Жылқыбаев «AMANAT» партиясы жағдайды бақылауда ұстайтынын атап өтіп, қалалық филиалға бейінді мемлекеттік органдармен және фракция депутаттарымен бірлесіп, ортақ шешім қабылдау үшін бизнес, білім беру және денсаулық сақтау салалары өкілдерінің қатысуымен жиын өткізуді тапсырды.

Бұдан соң Алматы қаласындағы «Көк базар» сауда ұжымының өкілі Елдос Қыдырбаев базарды жалға алушылардың алдында тұрған жүйелі проблемалар туралы айтты. Олардың қатарында, әкімшіліктің жиі ауысуы, орын босату туралы жаппай хабарламалар таратылуы, кәсіпкерлерге қысым жасалуы және сауда орнын «пайдалану құқығын» беру кезінде қолма-қол ақша жиналуы сынды мәселелер бар.

Өтініш берушінің айтуынша, екі жыл бұрын базар жаңа басшылықтың қолына өтті. Әкімшілік бірнеше рет ауысып, орынды «қайта бөлу» жұмысы басталды және жалға алушыларға іс жүзінде жүргізілмеген күрделі жөндеу жұмысына байланысты орын босатуды талап ететін хабарлама жолданды. Соның салдарынан, кәсіпкерлер 200 мың теңгеден бастап, бірнеше миллион теңгеге дейін ірі сома төлеуге мәжбүр. Олай етпеген жағдайда салымдарын жоғалтады. Тіпті, ондаған миллион инвестиция салған кейбір азаматтар сауда орындарынсыз қалды. Кәсіпкер қорқыту және физикалық қысым көрсету фактілері туралы мәлімдеді: бір топ кәсіпкер базардан кетті, бірнеше әйел медициналық көмекке жүгінді.

«AMANAT» партиясының Хатшысы кәсіпкерлердің заңды құқығын қорғап қалу үшін аталған мәселеге шұғыл араласу қажет екенін мәлімдеді. Қалалық әкімшіліктің, бейінді департаменттердің және құқық қорғау органдарының қатысуымен кәсіпкерлік жөніндегі партиялық комиссия жанынан жұмыс тобын құру тапсырылды. Сондай-ақ базар басшылығынан ресми құжаттарды – жалдау және пайдалану шарттарын, қаржылық есептерді, жөндеу жұмыстары мен орын беру кезінде төлем алушылар туралы мәліметтерді сұрату тапсырылды. Ал қалалық партиялық бақылау комиссиясы жағдайға жедел талдау жүргізу және нарық жұмысын тұрақтандыру бойынша шара қабылдау үшін депутаттардың, бейінді қызметтердің және жалға алушылар өкілдерінің қатысуымен «Көк базар» аумағында көшпелі кеңес өткізеді.

Сондай-ақ Ақмола облысы Заводской кентінде мәдени-спорт кешенін салу мәселесі қозғалды. Қаржыландыру туралы өтінім Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданды. Өз кезегінде, аталған ведомство Қаржы министрлігіне нысанды мемлекеттік арнайы қордан қаржыландырылатын жобалар тізбесіне енгізу туралы өтініш білдірді. Ал Атырау қаласының тұрғыны Мирас шағын ауданында балаларға арналған ойы алаңы мен шағын футбол алаңын салуға қол ұшын созуды өткінді. Азаматтардың осы және өзге де мәселелері ерекше бақылауға алынды.

Өз сұрақтарыңыз бойынша «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдауына келесі байланыс арналары арқылы жүгіне аласыз:

1. Call-орталық: 8 800 080 4441(Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін);

2. WhatsApp: 8 700 800 4441

3. E-mail: komek@amanatpartiasy.kz

Қабылдауға жазылу кездесуге дейін кемінде 3 күн бұрын жүзеге асырылады.