«Семей орманы» филиалының қызметінде заңбұзушылықтар анықталды

Бүгін, 16:14 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Бородулиха ауданы прокуратурасының қадағалау нәтижесінде «Семей орманы» филиалына заң бұзған тұлғалардың жұмысқа қабылданғаны анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, бұрын заңсыз ағаш кесу және бөтен мүлікті ұрлау фактілері бойынша жауапкершілікке тартылған адамдар жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ жүргізуші куәлігінен айырылған арнайы техника жүргізушісі де еңбекке қабылданған.

Осылайша, орман дайындаудың заңдылығын бақылау міндеті бұған дейін мүліктік және өзге де қылмыстар үшін сотталған өндірістік учаске шеберіне жүктелген.

Бұдан бөлек, дайындалған ағаштың санатын заңсыз арзанырақ түрге өзгерту фактісі тіркелген, бұл өнім құнының төмендеуіне алып келген.

Филиал басшылығының жұмысын тиісінше ұйымдастырмауы мен әрекетсіздігі салдарынан 2024 жылдың соңына қарай 4 мың текше метрден астам дайындалған ағаш іске асырылмай, 80 млн теңгеден астам қаржы жоғалтылған. Бұл қаражат кәсіпорынның 75 млн теңге көлеміндегі салық берешегін толық өтеуге мүмкіндік берер еді, - делінген ақпаратта. 

Аудан прокуратурасының қадағалау актісінің негізінде аталған қызметкерлермен еңбек шарттары бұзылды. Дайындалған ағашты өткізу және салық берешегін өтеу бойынша шаралар қабылданды. Филиал директоры қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылып, кейін қызметінен босатылды.

Бородулиха ауданы прокуратурасы орман заңнамасының және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнаманың сақталуын ерекше бақылауда ұстайды.