Алматыда «Ұшқышсыз ұшу аппараттары» құзыреттілік орталығы ашылды

Бүгін, 15:58 / Інжу Әлихан
Оқу-ағарту министрлігі

Алматы көпсалалы колледжінің базасында «Ұшқышсыз ұшу аппараттары» құзыреттілік орталығы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратынша, жаңа орталықтың ашылуы – инновациялық технологиялар мен инженерлік білімнің тоғысында жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды қадам.

Алдағы уақытта орталықта «Ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану және бағдарламалау» жаңа оқу бағдарламасы енгізіледі. Бағдарлама студенттерге дрондарды жобалау, құрастыру, басқару және техникалық қызмет көрсету саласында кәсіби құзыреттіліктерді меңгеруге мүмкіндік береді.

Жоба аясында колледждің әлеуметтік серіктестері ретінде Халықаралық білім беру және инновациялар орталығы мен Қытайдың Zhongke Borui Education Technology Research Institute ұйымдары қолдау көрсетуде.

«Бұл жоба техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін заманауи талаптарға сай дамытуға бағытталған және елдің инновациялық әлеуетін арттыруға үлес қосатын білім мен инновация саласындағы халықаралық тиімді ынтымақтастықтың айқын үлгісі. Ұшқышсыз ұшу аппараттары саласындағы білім беру бағдарламаларын жетілдіру арқылы Қазақстан бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауға мүмкіндік алады», – дейді Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов.

Құзыреттілік орталығы инновациялық білім беру технологияларын енгізу, студенттердің робототехника, аэротүсірілім, 3D-картография және инфрақұрылымды мониторинг саласындағы практикалық дағдыларын дамыту, сондай-ақ педагогтерді дрондарды оқыту процесінде тиімді қолдануға даярлау бағыттары бойынша жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар мұнда халықаралық тренингтер, шеберлік сабақтары мен ұшқышсыз ұшу аппараттары бойынша жарыстар ұйымдастырылып, шетелдік білім беру және технологиялық ұйымдармен серіктестік байланыстар кеңейтіледі.

Тэгтер:

Алматы