Жетісу облысында сұңқарды заңсыз ұстаған тұрғын анықталды

Бүгін, 08:25 / Нұрлан Әлинұр
Polisia.kz

Жетісу облысында полицейлер сирек кездесетін құстарды заңсыз ұстаған тұрғынды анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында арнайы операция жүргізіп, Кербұлақ ауданының тұрғынын ұстады. Тексеру барысында оның үйінен екі сұңқар мен қолдан жасалған ау ұстағыш тор табылып, тәркіленді.

Сирек кездесетін бұл құстар – еркіндіктің, биіктіктің және кең даланың символы. Алайда олар да кейде адам әрекетінің құрбанына айналып жатады. Полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби жұмысының арқасында заңсыз ұсталған сұңқарлар еркіндікке жіберілді.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің сирек және жойылып кету қаупі бар жануарларды заңсыз ұстау бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Құстар арнайы мамандардың қарауына беріліп, қазіргі уақытта олардың жағдайы бақылауда.

Полиция өкілдері «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатқанын атап өтті. Бұл бастаманың басты мақсаты – еліміздің табиғи байлығын сақтау және экологиялық тепе-теңдікті бұзатын әрекеттердің жолын кесу.

Құқық қорғау органдары барша азаматты табиғатты аялауға шақырады. Әрбір браконьерлік іс – тек жануарларға ғана емес, қоршаған орта мен келешек ұрпаққа жасалған зиян екенін еске салды.