Бүгін, 22 қазан күні Қазақстанның 14 облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысында өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Атырау облысында түнде және таңертең солтүстік, шығыс және орталық бөліктерде тұман түседі. Сондай-ақ өңірдің көп бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі бар.
Жамбыл облысының таулы аудандарында тұман күтіледі, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін. Өңірдің бірқатар аумақтарында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Батыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында қатты жаңбыр жауады. Түнде және таңертең тұман түседі, желдің екпіні 15-20 м/с дейін күшейеді.
Абай облысының солтүстігінде тұман, ал оңтүстігінде жоғары өрт қаупі күтіледі.
Қарағанды облысында желдің күші 15-20 м/с дейін жетеді.
Ұлытау облысының оңтүстігінде төтенше өрт қаупі, басқа аймақтарында жоғары өрт қаупі сақталады.
Ақтөбе облысының батысы мен орталығында төтенше, ал оңтүстігі мен шығысында жоғары өрт қаупі бар.
Қызылорда облысында да өрт қаупі жоғары деңгейде сақталып отыр.
Қостанай облысында тұман күтіледі, ал оңтүстігінде желдің екпіні 15 м/с дейін жетеді. Өңірдің оңтүстігінде төтенше, оңтүстік-батысында жоғары өрт қаупі бар.
Жетісу облысында Алакөл көлдері маңында жел 15-25 м/с дейін күшейеді. Түнде солтүстігінде 1-3°С аяз болуы мүмкін.
Павлодар облысының батысында, солтүстігінде және шығысында тұман күтіледі.
Солтүстік Қазақстан облысында да тұман түседі.
Ақмола облысының солтүстігі мен шығысында тұман, оңтүстік-батысында жоғары өрт қаупі болжануда.
«Қазгидромет» мамандары тұрғындарға ауа райы болжамдарын мұқият қадағалап, ашық алаңдарда от жағудан, орман мен далаға шығудан барынша бас тартуға кеңес береді.