Жетісу облысының тұрғыны сирек кездесетін құсты заңсыз ұстаған

21 қазан, 2025 / Інжу Әлихан
Полиция. Фото: polisia.kz

Жетісу облысында полицейлер сұңқарды заңсыз ұстаған азаматты анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жетісу облысында криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында сәтті операция жүргізді. Нәтижесінде Қарбұлақ ауданының тұрғыны ұсталды. Ол өз үйінде екі сұңқар мен қолдан жасалған ау ұстағыш торды заңсыз сақтап келген.

Сұңқар – еркіндіктің, биіктіктің және кең даланың символы. Алайда бұл айбынды құстар да кейде адам құрбанына айналады. Жақында полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби жұмысының арқасында заңсыз ұсталған сұңқарлар босатылды.

Аталған жағдай бойынша еліміздің Қылмыстық кодексіне сәйкес, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарларды заңсыз ұстау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тәркіленген құстар арнайы мамандардың қарауына беріліп, қазіргі уақытта олардың жағдайы бақылауда.

Полиция табиғатты қорғауға бағытталған "Заң және тәртіп" тұжырымдамасы аясындағы жұмысын жалғастырып жатыр. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – еліміздің табиғи байлықтарын сақтау және экологиялық тепе-теңдікті бұзатын әрекеттердің жолын кесу.

Құқық қорғау органдары барлық азаматты табиғатты аялауға шақырады. Әрбір браконьерлік дерек – тек жануарларға ғана емес, бүкіл қоршаған орта мен келешек ұрпаққа жасалған зиян. Табиғатты қорғайық – ол біздің ортақ байлығымыз!