Астана – Новосібір бағытындағы ұшақта мас әйел бортсеріктерге шабуыл жасаған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Qazaq Air (Vietjet Qazaqstan) әуе компаниясының мәліметінше, оқиға жолаушыға қосымша алкогольді сусын сату туралы өтінішінен бас тартылған сәтте болған.
«Әуе рейсі Новосібір қаласының әуежайына қонған соң, тәртіп бұзған жолаушы заңда белгіленген тәртіпке сәйкес шара қолдану үшін құқық қорғау органдарына тапсырылды. “Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық авиация қызметі туралы” заңға сәйкес, ұшу кезінде тәртіп ережелерін бұзып, әуе қауіпсіздігіне қауіп төндірген жолаушыларды әуе компаниясы әуе тасымалына шектеу қойылған тұлғалар тізіміне енгізе алады. Сондай-ақ экипажға шабуыл жасау немесе әуе қауіпсіздігіне қатер төндіретін өзге де әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген — тіпті бас бостандығын шектеуге дейін», – деп мәлімдеді әуе компаниясының баспасөз қызметі.
Көлік полициясы департаментінің баспасөз қызметі 27 жастағы қазақстандық әйелге қатысты әуе кемесі бортында бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.