Бакуде былтырдан бері Қазақстан-Әзербайжан ғылым және білім орталығы қызмет етеді – Президент

Бүгін, 15:16 / Інжу Әлихан
Akorda

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан – Әзербайжан Жоғары мемлекетаралық кеңесі отырысының қорытындылары бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифингте айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

– Кейінгі жылдарда екі елде алма-кезек өткен Қазақстан мен Әзербайжанның Мәдениет күндері және Кино күндері айтулы оқиғаға айналды. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелендіру үшін Мәдени ынтымақтастық бағдарламасын қабылдауға уағдаластық. Білім мен ғылымды, жастар байланысын дамытудың перспективасы мол екеніне арнайы тоқталдық. Осы мақсатта Бакуде былтырдан бері Қазақстан-Әзербайжан ғылым және білім орталығы қызмет етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ тараптар келіссөзде өңірлік және жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасқан.

– Біз халықаралық саясаттың барлық өзекті мәселелері бойынша ұстанымдарымыз ұқсас екенін атап өттік. Көпжақты құрылымдар аясындағы жұмысты үйлестірудің маңызына мән берілді. Өңірлік және жаһандық деңгейде бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға ұмтылатынымызды жеткіздік. Баршаңызға белгілі, Президент Ильхам Гейдар оглу Әлиев Президент Трамптың белсенді араағайындығымен Вашингтонда Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт декларацияға қол қойып, тарихи миссиясын орындады. Қазақстан мұны ресми түрде құптады. Қол жеткізілген келісімдер Оңтүстік Кавказдағы сенімді нығайтып, жалпыға ортақ өркендеу үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп ойлаймын. Жалпы, сапар қорытындысы бауырлас халықтардың игілігі үшін стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухындағы қазақ-әзербайжан қарым-қатынастарын одан әрі дамытуға қос тарап та дайын екенін айқын көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.