Астана қаласы Алматы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері ұрлық дерегін жедел ашты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жалдамалы жүк тасушы пәтер көшіру кезінде үй иесінің алтын бұйымдары мен смарт-колонкасын жасырын ұрлап кеткен.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға тұрғын үйді көшіру барысында болған. Күдікті жәбірленушіге көмектесіп жүріп, үй ішіндегі алтын әшекейлер мен "Алиса" смарт-колонкасын ұрлап әкеткен.
Келтірілген материалдық шығын шамамен 1 миллион теңгені құрайды.
Полицияның жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті ұсталып, ұрланған заттардың бір бөлігі тәркіленді.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Құқық қорғау органдары азаматтарға өз мүлкін қараусыз қалдырмауға, көшу, жөндеу немесе үйге қызмет көрсету кезінде сақ болуға және құнды заттарды көзге көрінбейтін, қауіпсіз жерге сақтауға кеңес береді.