Батыс Қазақстанда жылына 800 мыңнан астам тері өңделетін болады

Бүгін, 12:14 / Інжу Әлихан
Ауыл шаруашылығы министрлігі

Орал қаласында үш жылдық үзілістен кейін «ПОШ Руно» ЖШС былғары өңдеу кәсіпорны өз жұмысын қайта бастады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Биыл сәуір айында ирандық инвесторлардың қатысуымен «Persist Kazakh K&K» компаниясы арқылы кәсіпорынды қалпына келтіру процесі басталған болатын. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 1 млрд теңгені құрады.

Маусым-қыркүйек айлары аралығында өндірістік желілерді жөндеу және техникалық қызмет көрсету, қызметкерлерді оқыту, логистикалық жүйені жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Кәсіпорын Olcina Group, Cartigliano, Invoxvic, Dueffe/Ficcini және басқа да жетекші еуропалық өндірушілердің заманауи құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Сондай-ақ аяқ киім өндірісі үшін 68 тігін машинасы орнатылды.

Қазан айында кәсіпорын ірі және ұсақ малдың терілерін өңдеу, WET Blue, краст типтес былғары өндіру, сондай-ақ люкс және жартылай люкс санатындағы ерлер аяқ киімін тігу жұмыстарын бастады.

Жобалық қуаттылығына сәйкес, кәсіпорын жылына 182 мың ірі қараның және 624 мың ұсақ малдың терісін өңдей алады.

«ПОШ Руно» ЖШС қызметінің қайта жандануымен Батыс Қазақстан өңіріндегі былғары өнеркәсібі жаңа даму кезеңіне қадам басып отыр. Кәсіпорында жаңа жұмыс орындары ашылып, қосылған құны жоғары өнімдердің экспорттық әлеуеті артуда.