Әлеуметтік желілерде Түркістан облысында 15 жастағы қыздың 71 жастағы туысынан жүкті болғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қыз бала ақпан айында босанған, ал туыстары оның жүктілігін жетінші айында ғана білген.
Бұл деректі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
Полицияға Келес ауданының тұрғыны – қыздың анасы кәмелетке толмаған қызына қатысты заңға қайшы әрекеттер жөнінде арызданған.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған қажетті тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Істің тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.