2027 жылға қарай 5G бесінші буын байланысы республикалық және облыстық маңызы бар 20 қалада іске қосылады. Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев хабарлады, деп жазады turkystan.kz.
«Қазіргі таңда ауылдардың 84%-ы мобильді интернетпен қамтылған. 2027 жылдың соңына дейін байланыс операторлары бірқатар жобаларды жүзеге асырады, соның нәтижесінде 4G технологиясымен қамту деңгейі елді мекендердің 92%-ына жетеді», – деді Мәдиев сейсенбі күні өткен Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, 5G желісі республикалық және облыстық маңызы бар 20 қалада енгізіледі.
«5G қамту аймағы бұл қалалардың 60–75% аумағын құрайды», – деп нақтылады министр.
Сонымен қатар, 2027 жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының шамамен 40 мың шақырымы 4G мобильді байланысымен қамтылатыны атап өтілді. Бұл жобалар жеке инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылатын болады.