«AMANAT»: ШҚО-дағы ауылда жаңа спорт кешені ашылды

Бүгін, 09:13 / Інжу Әлихан

Шығыс Қазақстан облысы Таврия ауылында жаңа денешынықтыру-спорт кешені ашылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Ұлан ауданының Таврия ауылында жаңа Денешынықтыру-спорт кешені пайдалануға берілді. Бұл нысан ауыл тұрғындарының спортпен шұғылдануына, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын насихаттауға зор мүмкіндік туғызады.

Кешеннің құрылысы басталған сәттен-ақ партияның партиялық бақылау комиссиясы мен мәслихат депутаттары нысанның сапасы мен жұмыстың барысын тұрақты түрде қадағалап отырды. Соның нәтижесінде жоба мерзімінде және сапалы түрде аяқталып, ауыл тұрғындарының игілігіне тапсырылды.

Ашылу салтанатына қатысқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өз сөзінде аймақтағы спорт саласын дамыту өңірдің стратегиялық басым бағыттарының бірі екенін атап өтті:

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде салауатты ұлт қалыптастыруды басты міндеттердің бірі ретінде айқындап отыр. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін ең алдымен халыққа спортпен айналысуға қолжетімді жағдай жасау қажет. Біз дәл осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Алдағы уақытта осындай кешендер Бозанбай мен Катонқарағай ауылдарында да бой көтереді», – деді аймақ басшысы.

Жаңа спорт кешенінде волейбол, баскетбол сияқты спорт түрлерімен айналысуға арналған заманауи жабдықтармен қамтылған залдар бар. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдерге арналған секциялар ашу жоспарланып отыр.

Шара барысында «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Аманбай Нұркенов жаңа нысанның маңыздылығына тоқталды:

«Біздің партияның басты мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Сол бағытта спорт пен салауатты өмір салтын дамыту ерекше мәнге ие. Таврия ауылында ашылған бұл спорт кешені – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген міндеттердің нақты орындалып жатқандығының айғағы. Бұл нысан ауыл жастарының дамуына, спортшылардың жетістіктерге жетуіне жол ашады», – деді ол.

Ауыл тұрғындары мен жастар жаңа спорт кешенінің ашылуын зор қуанышпен қабылдап, бұл игі іс елдің әлеуметтік дамуына серпін беретінін атап өтті.

 «AMANAT» партиясы алдағы уақытта да өңірлердегі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуын бақылауда ұстай отырып, халыққа нақты нәтиже беретін бастамаларды жалғастыратын болады.