Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова Батыс Қазақстан облысындағы мектепте оқушының пышақталуына қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Насымжан Оспанова зардап шеккен оқушыға медициналық көмек көрсетілгенін, қазіргі уақытта жағдайы тұрақты екенін атап өтті.
"Оқиға орнында білім басқармасының мобильді тобы жұмыс істеп жатыр, оның құрамында өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл де бар. Мектеп әкімшілігімен, ата-аналармен және оқушылармен түсіндіру шаралары жүргізілуде", - дейді комитет төрағасы.
Оның айуынша Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі ("Бұзақылық") бойынша іс қозғалды. Қол жұмсаған жасөспірім ұсталып, материалдар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданды. Барлық тарапқа облыстық психологиялық әдістемелік орталық мамандары психологиялық көмек көрсетуде. Бүгін ата-аналар жиналысы мен сынып сағаттары өтеді.
Мектепте психологиялық ахуалды бағалау жүргізіледі. Сондай-ақ мектеп әкімшілігі іс-әрекетіне және әрекетсіздігіне құқықтық әрі басқарушылық баға беріледі.
"Бұл — жай ғана кикілжің емес, бұл екі жасөспірімнің тағдырына таңба түсірген оқиға, яғни ересектердің назарынан тыс қалған жағдай. Жасөспірімнің агрессиясына ерік беріп, өз-өзіне ие бола алмау орны толмас қайғыға ұласпауға тиіс. Баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне, мектептегі моральдық және психологиялық ортаға жауапкершілік — бәрімізге ортақ міндет. Бұл жауапкершіліктен ешкімнің, соның ішінде лауазымды тұлғалардың да бойын аулақ салуға құқығы жоқ", - деп түйіндеді Оспанова.