2025 жылғы 20 қазанда сағат 16:29 шамасында Семей қаласындағы Қаржаубайұлы көшесінде бес көлік соқтығысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Абай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 60 жастағы жүргізуші HYUNDAI TUCSON маркалы автокөлігін басқарып келе жатып, жол қозғалысының қауіпсіздігіне көз жеткізбей және қауіпсіз жылдамдықты таңдамай, алдындағы NISSAN SKYLINE көлігімен соқтығысқан. NISSAN көлігін 41 жастағы әйел жүргізіп келе жатқан.
“Салдарынан TOYOTA CAMRY, HYUNDAI TUCSON, VOLKSWAGEN GOLF және KIA BONGO көліктері бірінен соң бірі соқтығысып қалған. HYUNDAI TUCSON мен NISSAN SKYLINE жүргізушілері медициналық тексеріс үшін ауруханаға жеткізілді. Қалған қатысушылар зардап шеккен жоқ, бірақ олардың көліктеріне материалдық шығын келтірілген”, – деп мәлімдеді ведомство.
Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп жатыр, жарақаттың ауырлық деңгейі мен жол-көлік оқиғасының мән-жайы анықталуда.