Жаңалықтар

Метрода "Еркін кітап сөресі" ашылды

ашық дереккөзі

Метрода "Еркін кітап сөресі" ашылды

Алматыдағы «Байқоңыр» метро стансасында «Еркін кітап сөресі» ашылды. Кітап алмасу айтарлықтай кең ауқымды қамтыды. Жер шары бейнесінде жасалған кітап сөрелерінің мазмұны «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесімен және ғарышкерлер күнімен астасып жатқандай әсер қалдырады. Бұл іс-шараның негізігі мақсаты «Оқы да, өзгеге бер» деп аталады. Мұндай кітап алмасу шарасы бұрыннан бері өткізіліп келеді. 2014 жылы осындай науқан 28 панфиловшы саябағында ұйымдастырылған болатын. Бүгінгі «Еркін кітап сөресіне» көпшілік талғамын қанағаттандыратын 500-ден астам кітап қойылды. Мұнда көркем, ғылыми және балалар әдебиетіне кең орын берілді. Ақын Шоқан Мұратхан «Еркін кітап сөресіне» ең алғашқылардың бірі болып, өз кітабын ұсынды. Оның жыр жинағын оқып болған соң арнайы кітапқа әркім өзінің пікір-ұсыныстарын қалдыруына болады. Шоқан Мұратхан, ақын: - Кітаптан үлкен қазына жоқ. Қазіргі заманда, кітапқа адамдар салқын қараған ғасырда ашылған осындай кітап алмасу бұрышы жатып қалған кітаптарды бір-бірімен алмасып оқуға мүмкіндік береді. Бұл іс-шара – құптарлық іс.