Қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері өмірден өтті

Бүгін, 15:25 / Інжу Әлихан
Facebook/Aida Balayeva

Қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері, «Парасат» және «Отан» ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасы Композиторлар одағының мүшесі, профессор Юрий Аравин өмірден озды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook желіcіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Министр қайраткер тұлғаның отбасы мен туған-туыстарына, шәкірттері мен әріптестеріне қайғыра көңіл айтты.

«Юрий Петровичтің есімі халқымыз үшін аса қадірлі. Ол қазақтың халық музыкасын кеңінен насихаттаған танымал тұлғалардың бірі еді. Ұлттық мәдениетке бар жан-тәнімен берілген азамат ретінде фольклорлық мұраларды жинақтау мақсатында көптеген ғылыми-шығармашылық экспедицияларға бастамашысы болды. Көптеген көне музыкалық туындыларды жаңғыртып, ғылыми жүйеге түсірді», – делінген жазбада.

Аида Балаеваның айтуынша, Юрий Аравин қазақ музыкасына, халық композиторлары мен ақындарының мұрасына арналған бірқатар телерадио бағдарламаларын жасады. Қазақ фольклорына шын жүрегімен ғашық, талантты музыкатанушы ретінде халқымыздың дәстүрлі музыкасының бай әлемін тыңдарманға жаңа қырынан танытты.

«Юрий Петрович өз өмірін өнерге, ұлт мәдениетіне арнап, тұтас бір шығармашылық буынды тәрбиелеген ұлағатты ұстаз болды. Қайраткердің жарқын бейнесі, руханиятымызға сіңірген өлшеусіз еңбегі халық жүрегінде мәңгі сақталады деп сенемін. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын», – деп жазды министр.

Тэгтер:

Юрий Аравин