Кеңес Одағының теңіз көпсайысы мен шаңғы жарысы бойынша спорт шебері, полиатлон, қысқы көпсайыс секілді спорт түрлерінен Қазақстан чемпионы Владимир Кривенцов Іле Алатауындағы таулы жүгіру жарысы кезінде қайтыс болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қайғылы жағдай туралы жарыс ұйымдастырушылары Instagram парақшасында хабарлады.
«Терең қайғымен хабарлаймыз: бүгінгі жарыс кезінде қайғылы жағдай орын алды. Біздің қатысушымыз — Владимир Кривенцов, 70 жаста — көз жұмды», — делінген ресми хабарламада.
Трагедия жарыс басталғаннан кейін көп ұзамай болған. Оқиға орнына бірнеше минут ішінде жеткен ТЖД тобы алғашқы медициналық көмек көрсетіп, зардап шегушіні «Медеу» спорт кешенінің құтқару бөліміне жеткізгенімен, өкінішке қарай, оны аман алып қалу мүмкін болмады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Владимир — тәжірибелі спортшы, түрлі жарыстардың тұрақты қатысушысы болған. Жарыс алдында медициналық тексеруден өтіп, спортпен шұғылдануға қарсы көрсетілімдер болмаған.
«Ол әрдайым жарыс жолына жүзінде күлкімен шығып, белсенді өмір салтының үлгісі болды. Көпшілігіміз үшін ол — рухтың мықтылығы мен шабыттың символы, спорттың жасқа қарамайтынын дәлелдеген жан еді», — деп атап өтті ұйымдастырушылар.