Елена Рыбакина Қытайдағы WTA 500 турнирінің чемпионы атанды

Бүгін, 17:57 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Robert Prange/Getty Images

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан WTA 500 турнирінің жеңімпазы атанды. 

Отандық спортшы ақтық сында әлемнің 10-ракеткасы, ресейлік Екаттерина Александровамен өзара мықтыны анықтады.

Тартысты кездесу үш сет бойы жалғасып, Рыбакинаның жеңісімен аяқталды. Қорытынды есеп - 3:6, 6:0, 6:2.

Теннисшілер кортта екі сағат өткізді. Бұл уақытта қазақстандық спортшы үш қателік жіберіп, төрт брейк-пойнт жасады.

Осылайша Қазақстанның бірінші ракеткасы турнирдің жеңімпазы атанып, 500 ұпайға ие болды. Әлемдік рейтинг жаңартылғаннан кейін Елена бір орынға көтеріліп, әлемнің сегізінші ракеткасы болады.

Бұл Рыбакина үшін осы жылдағы екінші финал болды. Мамыр айында теннисші франциялық Страсбургтегі WTA 500 турнирінде жеңіске жеткен болатын.