Энергетика министрлігі Орынбор газ өңдеу зауытында болған төтенше жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді.
«Газпромның» мәліметінше, 2025 жылғы 19 қазанда Орынбор газ өңдеу зауытына ұшқышсыз әуе аппаратының шабуылы салдарынан апатты жағдай тіркелген. Соның нәтижесінде зауыт Қарашығанақ кен орнынан шикізат газ қабылдауды уақытша тоқтатқан.
- Қазіргі уақытта зауыттың зақымдану дәрежесі мен жұмысты қалпына келтіру мерзімі жөнінде ресейлік тараптан ақпарат түскен жоқ, - деп мәлімдеді ҚР Энергетика министрлігінен.
Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстан өз аумағын газбен қамтамасыз етуде ешқандай зардап шеккен жоқ, газ ішкі тұтынушыларға қалыпты режимде, ешқандай шектеусіз жеткізілуде.
- Қарашығанақ шикізатын өңдеу мен мұнай өндіруге ықтимал әсер мәселесі кен пайдаланушыларымен бірлесіп қарастырылып жатыр. Шығын көлемі мен алдағы шаралар туралы қосымша хабарланатын болады, - делінген ақпаратта.
Энергетика министрлігі жағдайды бақылауда ұстап, ресейлік тарап пен кен орны операторларымен тұрақты байланыс орнатқан.