Қазақстан мен Өзбекстан хирургтары роботтың көмегімен бірлескен ота жасады

18 қазан, 2025 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Өзбекстан астанасында робот көмегімен тізе және жамбас буындарын эндопротездеу бойынша алғашқы оталар сәтті өтті. Бұл жетістік Өзбекстандағы Қазақстан медицинасы күндері аясында жүзеге асты.

Операцияларды травматолог-ортопед, академик Батпенов атындағы ҰТОҒО эндопротездеу бөлімшесінің меңгерушісі Тимур Байдалин орындады. Ол екі пациентке тізе және жамбас буындарының эндопротездерін орнатты.

– MAKO жүйесінің басты артықшылығы – хирургтың тәжірибесі мен роботтың жоғары дәлдігін ұштастыру мүмкіндігі. Бұл эндопротездеудің жаңа сапа деңгейі, – деді Тимур Байдалин.

Роботтандырылған технология отаны алдын ала модельдеуге, әр пациенттің анатомиялық ерекшеліктерін дәл ескеруге және имплантты мінсіз орнатуға мүмкіндік береді. Бұл науқастар үшін асқынудың азаюын, оңалтудың жеделдеуін және ұзақ белсенді өмір сүруді қамтамасыз етеді.

Өзбек дәрігерлері отаға қатысып, қазақстандық әріптестерінің жетекшілігімен MAKO жүйесінде жұмыс істеу тәжірибесін алды.

РМҒПТО ересектер ортопедиясы бөлімшесінің меңгерушісі Одил Валиев бұл оқиғаны ортопедия саласындағы маңызды жетістік деп атап өтті.

– Біз бұл жүйені көптен күттік. Бүгін оны іс жүзінде көріп, айырмашылығын сезіндік. Бұл біздің сала үшін үлкен оқиға, қазақстандық әріптестерімізге алғыс білдіреміз, – деді ол.

Осылайша, Ташкентте өткен бірлескен ота ортопедия мен травматология саласындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастап берді.