Елімізде сиыр етінің экспортына шектеу енгізу ұсынылды

Бүгін, 11:41 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр етінің экспортына шектеу енгізуді ұсынды. Агенттік тиісті бұйрық жобасын дайындап, "Ашық НҚА" порталында жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл шаралардың мақсаты – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту, сондай-ақ сиыр етіне бағаны тұрақтандыру.

"Бұйрық жобасында Қазақстан аумағынан 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ірі қара мал етін (сиыр етін) (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының кодтары: 0201 – ірі қара мал еті, жаңа сойылған немесе салқындатылған және 0202 – ірі қара мал еті, мұздатылған) үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне шығаруға сандық шектеулер (квоталар) енгізу көзделген", - делінген құжаттың сипаттамасында.

Жоба 22 қазанға дейін қоғамдық талқылауға салынбақ.