Атырау қаласының Привокзальный шағын ауданында шақырту бойынша барған учаскелік полицейге мас әйел пышақпен шабуыл жасаған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 16 қазан күні сағат 20:50 шамасында болған. Құқық қорғау органдарына отбасылық жанжал мен қоғамдық тәртіптің бұзылғаны туралы хабар түскеннен кейін екі учаскелік инспектор оқиға орнына барған.
Полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбірленушілерді қорғау мақсатында қажетті шараларды қабылдап жатқан кезде, отбасының ер азаматын бөлімшеге апару сәтінде пәтерде болған оның мас әйелі кенеттен инспекторлардың біріне ас үй пышағымен арқа тұсынан соққы жасаған.
Дегенмен әріптесінің жылдам әрекетінің арқасында жағдай ушығып кетпей, шабуылдың алдын алу мүмкін болған.
Жарақат алған полиция қызметкері дереу Атырау облыстық ауруханасына жеткізілді. Оқиғаға байланысты сот-медициналық сараптама тағайындалып, қылмыс құралы – ас үй пышағы тәркіленді.
Полиция департаментінің мәліметінше, күдіктінің әрекеті инспекторлардың бейнежетонына жазылған. Әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Облыстық ПД өкілдері құқық қорғау қызметкерлеріне күш қолдану – қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.
«Учаскелік инспекторлар күн сайын түрлі қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетуге алғашқы болып келеді. Әрбір осындай шақырту – олардың заң мен тәртіп жолындағы қауіп-қатерге қадам басуы», – делінген полиция департаментінің хабарламасында.