Биыл елімізде Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толды. 19 қазан – құтқарушылардың кәсіби мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларды құттықтап, ерлігімен көзге түскен бір топ маманға наградалар табыстады. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Шын мәнінде, құтқарушы болу – кез келген төтенше жағдайға дайын тұру, ешқандай қауіп-қатерге қарамастан адам өміріне араша түсу деген сөз. Бұл – әрине, өте абыройлы іс, жауапты қызмет» деп құтқарушы мамандардың айрықша мәртебесін атап өтті. Turkystan.kz сайтының тілшісі мереке қарсаңында ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Серғазы Әбдіқадырмен аз-кем әңгілемескен-тін.
Әбдіқадыр Серғазы Қорабайұлы – осы бір жанкешті жандардың сапына бес жыл бұрын қосылған. Жас та болса табандылығымен, ептілігімен көзге түскен ол бес жыл ішінде қатардағы маманнан ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы дәрежесіне дейін көтерілген.
«1997 жылы Жамбыл облысының Шу қаласында дүниеге келдім. Мектепті сонда тәмамдап, 17 жасымда Алматыға келіп, Мұхамеджан Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясына «Электроэнергетика» мамандығына түстім. Бірақ бұл мамандықты өзім таңдамадым. Оқуға түсетін кезде әкем «Қай жақта адам бар, сол жақта тоқ бар, наныңды табасың» деп сонда жіберді. Бала күнімде үйде орысша кітап көп болатын. Екінші курста орысшамды жетілдірейін деген оймен орыс тобына ауысып кеттім. Сөйтіп сол оқу орнын 2019 жылы бітіріп шықтым. Студент кезде Алматыға тау жақын болған соң, тауға жиі шығатынбыз. Іштей болашақ жұмысымды осы таумен байланыстырғым келетін. 2018 жылы Ресейдің Омбы қаласына студенттерді алмасу бағдарламасы бойынша іріктеліп, онда алты ай оқыдым. Сонда оқып жүргенде «Күрең берет» киюді мақсат еттім. Ұлттық ұланда «Күрең берет» киетін арнайы жасақ бар. Солардың қатарына қалай кірсем деп ойлана бастадым», – дейді ол.
Білімін жетілдіріп жүрген ол алдында екі таңдау тұрғанын айтады.
«Бірі – тағы да оқуға түсу. Алматыдағы Тұран университетіне барып, туризм мамандығына құжат тапсырып, емтиханнан өтіп қойғанмын. Сол сәтте әскерден шақырту келді. Оқуға түскен жағдайда туризм саласына кететін едім. Әскерге барсам, үш жыл қызмет етіп, «Күрең беретке» тапсыруға мүмкіндік алатын едім. Сөйтіп екінші таңдауға тоқтап, әскерге кеттім. Қарағандыдағы №52859 азаматтық қорғау полкіне түстім. Азаматтық қорғау полкі қарапайым тілмен айтқанда екінші ТЖМ сияқты. Сонда рота командирінен республикалық жедел құтқару жасағы бар екенін білдім. Ол кісі сол жасақтың суға да түсіп, тауға да шығып, түрлі жағдайда қызмет ететінін айтып, мені қызықтырып жіберді. Бір жылдан кейін әскерден келіп, осы республикалық жедел құтқару жасағына (РЖҚЖ) құжат тапсырып, физикалық нормативтерін өттім», – дейді ол.
Құтқарушы өзіне, әріптесіне және құтқаратын адамға жауапты
Оның қызық пен қауіпке толы еңбек жолы осылайша басталған. Айтуынша мұнда құтқарушыларға барлық жағдай жасалған. Қызметкерлерді жыл сайын Сарыағаш санаторийіне жіберіп отырады екен.
«Бастапқыда бәріміз тағылымдамадан өтуші болып келеміз. Еңбегі төленеді. Медициналық білімі бар мамандар бізді оқытады. Үш айдан кейін құтқарушы болу үшін аттестациядан өтеміз. Онда альпинизм, суға түсу, түрлі құтқару құралдарын, оның ішінде жол апатына түскен көліктің ішінде қалған адамды шығаруға арналған гидравликалық құралдарды қолдана білу, адамның жүрегі тоқтап қалса, қол-аяғы сынса, күйіп, үсіп қалса алғашқы көмек көрсете алу сынды емтихандарды тапсырамыз. Аттестациядан өткеннен кейін құтқарушы ретінде кезекшілікке түсіп, жұмыс бастаймыз. Жыл сайын медициналық тексеруден өтеміз. Денсаулығымызды қатаң түрде қадағалап отырады. Себебі құтқарушы төтенше жағдай кезінде өзіне, қасындағы әріптесіне және құтқаратын адамға жауап береді ғой. Құтқарушының санатын жоғарылату үшін үш жылда бір рет аттестациядан өтеміз. Мен де үш жылдан кейін бас құтқарушы дәрежесін алдым», – дейді маман.
Су астына түсу – космосқа барғанмен бірдей
Республикалық жедел құтқару жасағында төрт бөлімше бар. Олар күні-түні кезекшілік етеді. Жаз кезінде жүктеме көбейеді. Республикалық жасақ болғандықтан, тек Алматымен шектелмейді, облыстарға да, шет елдерге де шығады. Серғазы альпинист, сүңгуір және газ-түтіннен қорғаушы біліктіліктерін меңгерген.
«Сүңгуір – ерекше мамандық. Бізді үш ай бойы сүңгуір болуға үйретеді: екі ай теория, бір ай практика. Сүңгуірдің негізгі жұмысы – іздеу. Адамдар қауіпсіздік техникасын сақтамаса, өзенге ағып кетеді. Суға батып, қайғылы жағдайға душар болады. Мұндай жағдайда мәйітті іздеп тауып, жағаға шығаруың керек. Судың астына түсу деген космосқа барғанмен бірдей. Сүңгуірлер жүзуді жақсы меңгеруі қажет. Ауа жоқ, қараңғы, суық, ештеңе көрінбейді. Біздің өзен-көлдер таза емес, әрі кетсе бір метр ғана көрінеді. Лай, басқа да қоқыстар болады. Көбіне қолмен іздейміз. Судың астында жанатын фонарик болғанымен, оның аса пайдасы жоқ. Сол бір метрден артық көре алмайсың.
Сүңгуірдің екі түрлі киімі бар. Бірі – жеңіл, жұмыс істегенге ыңғайлы. Екіншісі – су өткізбейтін костюм. Қыста түскенде, лай суға, жұқпасы бар суға түскенде киеміз. Ол адам денесін түрлі жұқпадан, судан, бәрінен толықтай қорғайды. Судың асты суық емес, әрдайым +4 градус болады. Қыста судың беті қатып жатса, сүңгуір түсетіндей етіп мұзды кеседі де, түсіп жұмыс істей береді. Бізде шетелдегідей акула жоқ қой. Тек майда балықтарды көреміз. Бір ғана қауіп бар. Судың астында балықшылар қалдырып кеткен торлар жатады. Құтқарушының аяқ-қолы соған ілініп қалуы мүмкін. Ондайда өзінің пышағымен кесіп шығып кетеді.
Сүңгуірге бірдеңе бола қалса, жағадағы қосымша сүңгуір көмекке келеді. Бір сүңгуірге бес адам қарап отырады. Су астындағы сүңгуір жағада тұрған өз тобымен жіп арқылы байланысады, сигнал береді. Сүңгуірдің беліне жіп байланады. Сол жіпті бір рет тартса, менің жағдайым жақсы деген сөз. Жағада отырған адам оған екі рет тартып, сигнал береді. Онысы – өзіңдегі ауа мөлшерін қарап ал дегені. Үш рет тартатын болса, мені жағаға шығар деген сөзі. Одан бөлек радиобайланыс бар. Судың астында телефонмен сөйлескендей рациямен сөйлесе береді. Оның бәрі сүңгуірдің қауіпсіздігі үшін жасалған. Ал судың астына кәдімгі ауа толы баллонмен түсеміз. Масканың бетті толықтай немесе жартылай жабатын екі түрі бар. Баллондағы ауа судың тереңдігіне және құтқарушының қалай жұмыс істейтініне байланысты шығындалады. Сүңгуір шыныққан болса, бір баллон ауа 18-20 метр тереңдікте 45-50 минутқа жетеді. Өзінің шығуына да қосымша ауа қалдыруы керек», – дейді Серғазы.
Тауда найзағай ұруы мүмкін, аю-қасқырлар жүреді
Жас маман сүңгуір қызметінен бөлек, таулы аймақтағы қатерге толы жұмысын да сөз етті.
«Алматыға тау өте жақын ғой. Кәсіби альпинизммен айналыспайтын қарапайым адамдар, туристер орман ішінде адасып кетеді. Кейде жоғары жаққа, құзға бастайтын қиын маршруттарға кетіп қалады. Оларға бару үшін арнайы білім керек. Тауда жүру ережелері бар. Жіппен жұмыс істеу, адамды түсіру, құлап кетсе, қол-аяғы сынса тасымалдау дегендей. Тауда адамның қол-аяғы сынса құтқарушылар спутниктік телефон арқылы тікұшақ шақырады. Біздің таулар қатты биік емес қой. Оттегі алып шықпаймыз. Бірақ Іле Алатауында ешқашан қар ерімейтін жерлер, мұздықтар бар. Қалада күн ыстық болып тұрса, тауда қар жатады. Тауда жүргенде жаңбыр жаууы мүмкін. Бұлт тауға жақын, найзағай ұруы мүмкін. Аю, қасқырлар жүреді.
Газ-түтіннен қорғаушылардың жұмысы өрт сөндірушілердікіне ұқсас. Мысалы ғимаратта өрт емес, тек түтін болуы мүмкін. Ондайда ауа толы аппаратымызды киіп, ішіне кіре береміз. Одан бөлек химиялық, биологиялық зақымдалу жағдайлары болады. Мысалы теміржолда шикізат толы цистерналар құлайды. Сондай кездері арнайы костюмдерімізді киіп, бірінші адамдарды эвакуациялаймыз. Адам болмаса улы зат жан-жағына таралмас үшін зақымдалған жерді оқшаулаймыз», – дейді ол.
Қазақстандық құтқарушылардың деңгейі жоғары
Серғазы Түркияда болған жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға барған ел құтқарушыларының қатарында да болған.
«Түркияда қуатты жер сілкінісі болғанда Қазақстаннан 33 құтқарушы бардық. Зілзала зардаптарын жоюдағы алғашқы тәжірибем осы болды. Жұмыс бабымен шетелге бірінші рет шығуым да сол еді. 33 адамды сегіз сағаттан үш топқа бөлді. Сегіз сағат объектіде жұмыс істейміз, сегіз сағат көмекші боламыз, сегіз сағат демаламыз. Газиантеп пен Кахраманмарашта жұмыс істедік. Үйіндінің астынан адам іздедік. Басшыларымыз аудармашы арқылы үйлердің жоспарын, қанша адам тұрғанын сұрайды. Екі аптада қазақстандық құтқарушылар тірі қалған 5 адамды тауып, шығарды. 88 мәйіт алып шықты. Осы жақта алған теориялық білімімізді сол жақта қолдандық. Иттерді, акустикалық аппараттарды, зонд пен камераларды іске қостық. Сол кезде қазақстандық құтқарушылардың деңгейі әлдеқайда жоғары екеніне көзім жетті. Түріктер «қазақ бауырлар» деп бізге риза болды», – дейді ол.
Сорбұлаққа құлаған ұшақ
Биыл жазда қазақ елі үшін де ауыр апат болды. Сорбұлақ көліне ұшақ құлап, экипаж қаза тапты. Ол кезде де құтқарушылар қолдарынан келгеннің бәрін жасады.
«Сорбұлаққа ұшақ құлағанда кезекшілікте жүрген құтқарушылар киініп, бірден командировкаға аттанды. Ол жақта екі апта болдым, екі аптаның ішінде тікұшақты да, экипажды да таптық. Көл өте үлкен. Ештеңе көрінбейді. Лай су болғандықтан иісі де бар, денсаулыққа зиян. Бірақ иісі бар деп қарап тұра алмайсың, өзіңе жүктелген міндетіңді атқарасың. Тікұшақты, оның бөлшектерін 15-18 метр тереңдіктен таптық. Мұндай жағдайда адамдарды кейде арқанға байлап, кейде өзің құшақтап шығарасың. Ал техниканы арқанға байлап, тікұшақпен алып шығып, әрі қарай сараптамаға жібереді. Сорбұлақта да Қорғаныс министрлігінің құтқарушыларымен бірлесе отырып, солай жұмыс істедік», – дейді ол.
Құтқарушының әр күні – экшн фильм
«Бізде екі рюкзак болады. Біреуі – жедел шақыртуларға барғанда алатын, екіншісі – экспедициялық рюкзак. Шұғыл шақырту болғанда бірінші рюкзакпен кете береміз. Қажетті көлікті аламыз. Көліктің өзі тауға баратын, суға баратын деп бөлінеді. Егер басқа облысқа, ұзақ уақытқа баратын болсақ, экспедициялық рюкзакпен шығамыз. Бұл жұмыс әркімге әрқалай. Біреуге оңай, біреуге қиын. Өз басыма еш қиындығы жоқ. Бес қаруымды сайлап кете беремін. Жақындарым менің тек жұмыс істейтінімді біледі, бірақ қай жаққа кеткенімді, неге кеткенімді білмейді. Алаңдамасын деп айтпаймын. Мамандығым өзіме өте ұнайды. Әр шақырту ерекше. Әрқашан формада жүресің, адамдардың алғысын аласың. Ол да бір керемет сезім. Мысалы кейде тұрғындар саусағындағы сақинаны шеше алмай да шақыртып жатады. Сақинаны дереу шешпесе, саусақ ампутацияға кетуі мүмкін.
Кезекшілікке түскенде ешкім жоғалмаса екен, аман болса екен деп тілейміз. Дегенмен де мұндай жағдайлардан ешкім сақтандырылмаған. Бір тәулік ұйықтамай, демалыссыз жұмыс істейтін кездеріміз болады. Жұмысқа тұрар кезде психолог ондайдың бәріне шыдайсың ба, шыдамайсың ба, мінез-құлығыңды жітті зерттейді. Құтқарушының өмірі тура бір экшн фильм сияқты. Жұмыста жүргенде өзіңді күнде қызық фильмде жүргендей сезінесің. Спортпен шұғылданамыз. Жұмыстан тыс уақытта тауда жүремін, жүгіремін. Жүгірудің де түрлері бар. Кроссфитпен айналысамын», – дейді ол.