«AMANAT»: Жетісу облысында балалардың қауіпсіздігі мен тамақтану сапасына мониторинг жүргізіліп жатыр

Бүгін, 16:13 / Інжу Әлихан
«AMANAT» партиясы

Балалық шақты қорғау, балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі – қоғам мен мемлекет үшін аса маңызды бағыттардың бірі. Кейінгі уақытта ата-аналар тарапынан резонанс тудырған негізгі мәселелердің бірі – балабақшалардағы балалардың тамақтану сапасы мен қауіпсіздік жағдайы. Бұл мәселе қоғамның кең талқысында тұр және «AMANAT» партиясы да бұл жағдайды назардан тыс қалдырмай, нақты шаралар қабылдауды қолға алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Осы бағытта «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалы білім басқармасымен бірлесіп, арнайы «Қоғамдық бақылау» штабын құрды. Бұл штабтың құрамына депутаттық корпус, қоғамдық кеңес, ата-аналар комитеті, «Атамекен» палатасы, басқа да қоғамдық ұйымдар мүшелік етеді.

Штаб жұмысының басты мақсаты – балабақшалар мен мектептердегі тамақтану сапасын, санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуын, сондай-ақ оқушылар мен тәрбиеленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін бақылау болып табылады.

Алғашқы мониторинг жұмыстары Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында басталды. Сонымен қатар Талдықорған қаласы, Алакөл, Ақсу, Сарқан, Қаратал, Көксу, Ескеледі аудандары және Текелі қаласында жалғасын табуда.

«Біздің басты мақсат –  білім беру мекемелерінде кемшіліктерін табу емес, жүйелі мәселелерді анықтау және олардың шешу жолдарын қарастыру. Мұндай мониторинг жұмыстары қазан айының соңына дейін өңірдегі барлық білім беру және мектепке дейінгі ұйымдарды қамтитын болады», – деді «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Қадырұлы.

Мониторинг барысында штаб білім беру мекемелерінің асханаларындағы жұмыс барысы, оқушылар мен тәрбиеленушілерге ұсынылатын тағамның сапасы, азық-түлік өнімдерінің жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттары, сондай-ақ тағам дайындау талаптарының сақталуы қаралды. Бұдан бөлек, бейнебақылау камераларының тиімділігі, өрт қауіпсіздігі жүйесінің жай-күйі және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған басқа да шаралар назарға алынды.

«Асханалардағы санитарлық талаптардың сақталуы мен тағам сапасы әрдайым бақылауда болуы тиіс. Сонымен қатар, әр баланың қауіпсіздігі бейнебақылау және өрт қауіпсіздігі жүйелерінің дұрыс жұмыс істеуіне тікелей байланысты»,  – дейді Жетісу облысы бойынша партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Руслан Вахапұлы.   

Айта кетейік,  Жетісу облысында 315 мемлекеттік білім беру мекемелері, 6 жеке меншік мектеп, 235 мемлекеттік балабақша сонымен қатар 145 мемлекеттік-жекешелік әріптестік балабақша жұмыс істейді.

«Қоғамдық бақылау» штабы ағымдағы жылдың қазан айынын соңына дейін өңірдегі барлық аудан қалалардағы орта және мектепке дейінгі білім беру мекемелерін қамтитын болады.

Тэгтер:

«AMANAT» партиясы Жетісу Балалар штаб