Байзақтағы жарылыста өртті өшіруге атсалысқан құтқарушы Президенттен марапат алды

17 қазан, 2025 / Інжу Әлихан
Akorda

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушылардың кәсіби мерекесінің қарсаңында қызметтік борышын атқару барысында көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ азаматты марапаттады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Марапатталғандардың қатарында 2021 жылы Байзақ ауданындағы әскери бөлімнің қару-жарақ қоймасындағы жарылыстан болған өртті өшіруге және апат салдарын жоюға атсалысқан Шынболат Әзімбаев та бар. 

Бүгін ол Сағадат Нұрмағамбетов атындағы I дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Шынболат Әзімбаев – Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының жедел кезекшісі.

Азаматтық қорғау органдарында 2007 жылдың тамыз айынан бері қызмет етеді.

2025 жылдың тамызынан бастап Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өртті сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы Өрт сөндіру қызметінің Жедел кезекшісі лауазымында жұмыс істейді.

Қызмет атқару барысында өзін еңбекқор, тәртіпті және адал қызметкер ретінде көрсете білді. Қойылған міндеттерді уақытылы әрі нақты орындайды, функционалдық міндеттерін жоғары жауапкершілікпен және толық көлемде атқарады.

Әзімбаев бірнеше рет ірі және резонансты өрттерді сөндіруге жетекшілік еткен.

Мысалы, 2025 жылғы 7 қыркүйекте «Астана» шағын ауданындағы тұрғын үйдегі өрт кезінде 20 адамды, оның ішінде 10 баланы эвакуациялауды ұйымдастырып, жабық пәтерде қалған үш кішкентайды жеке өзі құтқарып қалған.

2025 жылғы 9 қыркүйекте «ЖамбылПолимер» зауыты аумағындағы өрт кезінде оның басшылығымен жалынның газ-бутан баллондары мен жабдықтар орналасқан өндірістік ғимараттарға таралуына жол берілмеді, бұл ықтимал жарылыстың алдын алды.

Сондай-ақ Әзімбаевтің 2021 жылғы 26 тамызда Байзақ ауданындағы Қызылқайнар ауылында орналасқан 28349 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс пен өртті жоюға қатысқанын атап өткен жөн. Ол төтенше жағдай орнына алғашқылардың бірі болып жетіп, тұрғындарды эвакуациялауды ұйымдастырды, жарақат алғанына қарамастан жұмысын жалғастырып, зардап шеккен қызметкерлерді эвакуациялаған.

Саптық жағынан жинақы, физикалық тұрғыдан шыныққан. Қол күресінен спорт шебері, дзюдодан спорт шеберлігіне үміткер. 2018–2021 жылдары ТЖМ қызметкерлері арасында қол күресінен Қазақстан Республикасының бес дүркін чемпионы атанған.

ҚР ТЖМ-нің 30 жылдығына арналған ерекше автобус аялдамасын орнату идеясының авторы әрі бастамашысы.