Ұлттық құраманың 8 ойыншысын баптаған «Дядя Ваня» де­ген кім?

17 қазан, 2025 / Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Қазақстан футбол құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Лихтенштейн мен Солтүстік Македонияға қарсы өткізген ойындарынан соң көпшілік әлеуметтік желіге «Дядя Ваня» туралы көп жазды. Лихтенштейнге қарсы ойында гол салған ұлттық құраманың үздік сұрмергені Бахтиер Зайнутдинов, дубль жасаған Ғалымжан Кенжебек – Тараз тумалары. Ал Солтүстік Македонияға қарсы ойында жалғыз гол салған Дінмұхамед Қараман да – Тараз футбол мектебінің түлегі. Бір қызығы, бұл үшеуі де – ел ішінде «Дядя Ваня» атанып кеткен Иван Ильницкийдің шәкірттері. Отыз жылға жуық уақытын баланы футболға баулу ісіне арнаған бапкердің сегіз шәкірті, атап айтсақ, Бауыржан Исламхан, Бахтиер Зайнутдинов, Мұхаммеджан Сейсен, Ғалымжан Кенжебек, Дәурен Жұмат, Арсен Әшірбек, Артур Шушеначев, Дінмұхамед Қараман ұлттық құрама сапында ойнайды. Осы орайда қазір ел аузында жүрген, көпшілік көп мәлімет білгісі келетін «Дядя Ваняны» оқырман қауымға кеңінен таныстыру үшін бапкердің өзіне хабарласып, әңгімелескен едік. 

– Қазір әлеуметтік желіде «Дядя Ваня де­ген кім?», «Ұлттық құраманың тең жар­ты­сын тәрбиелеген «Дядя Ваня» деген жаз­ба жетерлік. Интернетте сізді «іздеп» жат­қанын шәкірттеріңіз жеткізген шы­ғар?
– Иә. Маған Исламхан, Сейсендер бірнеше жаз­­­баның скринін жіберді. Достарым да жі­беріп жатыр. Алайда мен байыбына барып оқы­маппын. Шәкірттерімнен өзгелерге менің бап­керлік жолым қызық деп ойламаппын.
– Қызық болғанда қандай! Алдымен өзіңізді таныстыра отырсаңыз.
– Мен Украинаның Полтава қаласында дү­ниеге келдім. Ата-анаммен бірге 2 жасымда Жам­был облысы Жамбыл ауданына қарасты Бір­лесу-Еңбек ауылына қоныс аудардық. Он­да өсіп-өніп, әскери борышымды өтеп келген соң, Челябі пединститутында бес жыл оқы­дым. Студент кезде «Артек» халықаралық ла­ге­рінде тәлімгер, дене шынықтыру мұғалімі бо­лып жұмыс істедім. Дәл осы лагерьде көп нәр­сеге қанықтым. Әсіресе, шетел маман­дары­ның балалармен тиімді жұмыс істейтінін кө­ріп, көп керек дүниені көңіліме тоқыдым. Он­дағылар мені жұмысқа алып қалғысы кел­ді, бірақ елге қайтуды қаладым. Десе де, оқуым­ды үш жыл өтеу үшін ондағы ядролық ор­талықтың кәсіподағына қарасты сауық­тыру мекемелерінде жұмыс істеуім керек бол­ды. Онда оңалту, дене шынықтыру шара­ла­рын ұйымдастырумен айналыстым. Сосын ел­ге оралдым. Басында өзіміздің ауданда бір­неше жерде, сосын фосфор зауытында ең­бек еттім. Кейін спорт жөнінде әдіскер бо­лып жұмыс істедім. Футболды бала кезімнен жақ­сы көремін. Ол уақытта жол көрсететін бап­кер болмады. Бала болсам да, «Дене шы­нық­тыру және спорт» атты журналдан әдістемесін оқып, ауылдағы балаларға үйре­те­тінмін. 8-сыныпта ауылда футбол алаңын өзі­міз соғып, өз бетімізше жаттыға бастадық. Сол кезде қойылған қақпа 30 жыл өтсе де әлі тұр. Сол алаңға балаларды жинап, жатты­ға­тын­мын. Ресейден ауылға оралған соң сол істі қай­та қолға алдым. Күн сайын жұмыстан келе сала балаларды шынықтырамын. Хоббиім осы болды. Кейін жарыс ұйымдастырып, балаларды жарысқа апарып жүр­генде  мені Тараздағы спорт мектебіне жұмысқа ша­қырды. Негізі, мен ауылымнан кетпей, сон­да жаттықтырып жүре беретін едім. Алайда сол кезде ауылда 1989 жылы туған 9 бала ғана бол­ды. Команда жинақтау үшін көрші аудан­дар­дан балалар іздедім, тіпті тегін жұмыс істедім. Алайда жиналмай қойды. Ол кездегі ко­мандамда бүгінде «Атырау» сапында ой­найтын, кезінде ұлттық құрамада болған Ол­жас Керімжанов болды. Таразға жұмысқа ауыс­қан соң, бірден мектептерді аралап, бала­лар жинай бастадым. Оларды бір мектептің қасындағы алаңқайда жаттықтыруға келістім. Жарты ставкада жұмыс істегендіктен, 64 бала жинауым керек болды. Сол кезде бапкерлердің «жинай алмайсың» дегені есімде. Ақырында, 100 бала жиналды, түстен кейін тағы 20 бала келді. 120 баланы жіберіп алмас үшін таңнан кеш­ке дейін бәрімен жұмыс істеуге бел будым. Ал­дымен 30 резеңке доп сатып алдым. Са­па­лы доп қымбат, ата-аналарда жағдай жоқ. Әр­бірінің техникасын қою үшін резеңке доп­пен жаттықтырдым. Кейін әр жалақымнан бір-бір сапалы доптан сатып алып отырдым.

Тағы бір айта кетерлігі, ол кезде қазіргідей емес, мені ешкім танымайды. Жетекшілігімде кілең қарапайым жұмысшылардың, базарда жұмыс істейтіндердің балалары жаттықты. Әлі есімде, басқа команданың балалары жа­рыс­қа көліктермен барады. Ал мен бала­лар­мен бірге автобуспен баратынмын. Айтпақшы, мен USAID-тің Спорт пен салауатты өмірді Орталық Азияда насихаттау бағдарламасында 3 жылдай жұмыс істедім. Таразда «Артектегі» тә­жірибеме сүйеніп, бірнеше іс-шара өт­кізгенмін. Мұнымды байқаған шетелдіктер мені Оңтүстік, Жамбыл облыстарына жауап­ты координатор қылды. Сол бағдарламаның көмегімен өзім жаттықтыратын әрі басқа командада жаттығатын балаларды киіндірдік. Әрі шетелге де бардық. Тіпті, сонау Америкаға жолымыз түсті. Онда ауылда тұратын, тұр­мы­сы төмен отбасынан шыққан, балалар үйі­нің балаларын командаға қосып, ертіп апар­дым.
 

– Бауыржан Исламхан бір сұхбатында «Дядя Ваня бізді даладан тауып ал­ды. Сосын ата-анамызға барып: «Ба­лаң­ды футболға жібер» деді. Оның ерекше қа­сиеті бар» дейді. Оны қостаған Мұхам­мед­жан Сейсен сізді өзін мектептен «тауып» алғанын айтып өтті. Ғалымжан Кенжебек те сіздің үнемі аула аралап, талант іздеп жүретініңізді бірнеше сұхбатында мақтанышпен жеткізді. 
– Мен үнемі жаяу жүремін. Белгілі бір бағытым бар. Таразда балалардың қай жерде ойнайтынын білемін. Сол жерлерге жиі барамын. Ойнап жүргендердің арасынан ұнап қалғандар болса, бірден ата-анасымен танысып, келісемін. Көп ойыншыны осылай таптым. Қазір ойнап жүргендерден Бауыржан Исламханды 11-ықшамауданнан таптым. Бір күні сол маңнан өтіп бара жатсам, балалар доп қуалап жүр екен. Қарасам, араларында бір өжет бала допқа таласып жүр. Сол уақытта менде 1991 жылғылар жаттығып жүрген. Оларға «Ана баланы жаттығуға ертіп әкелің­дер» дедім. Сөйтіп, олар Исламханды ертіп келді. Кенжебекті де солай, 8-ықшамауданда ойнап жүрген жерінен таптым. Әдетте, мен аулаға келіп, «Балалар, келісіп алайық. Кім жақсы ойнайды, соларды осындай күні өтетін жарысқа ертіп келіңдер. Сыйлықтар беремін» деп шақырамын. Сөйтіп, олар мен айтқан жерге келеді. Ғалымжанды тапқан кезімде небәрі 4 жаста болатын. Әкесі жат­тығуға апаратын адам жоқ екенін айтса да, райынан қайтардым. Ақырында 5 жасқа толған соң жат­тығуға келе бастады.  Ол менің қол астымда үш жыл жаттықты. Сосын «Тараз» клубына өтті. Көпшілік оны «Қайраттың» түлегі деп ай­тады. Ол онда Тараз, Шымкенттен кейін 13 жа­сында барды. Ал Сей­сенді №42 мектептен таптым. Оған бірнеше рет бардым. Ол басында келіспеді, кейін қатарымызға қосылды. Дәурен Жұматты №19 мектепте кездестірдім. Ал Қараманды 6 жа­сында әкесі ертіп келді. Шынымды айтсам, Таразда мен ғана шығармын балаларды осы­лай табаннан тозып іздейтін. Кейде қасыма қолы бос бапкерді ертіп аламын. Ұнаған ба­ла­ның ата-анасымен сөйлескенде жағдайына қараймыз. Көпбалалы отбасы я тұрмысы төмен балалар болса, тегін жаттығуға жағдай жа­саймыз.


– Зайнутдиновты да сіздің шәкірт­теріңіз­дің қатарына қосады. Ол сізге кейін келді ме сонда?
– Мен – Бауыржан Исламхан, Мұхам­мед­жан Сейсен, Дәурен Жұмат, Арсен Әшірбек, Дін­мұхамед Қарамандардың алғашқы бап­кері­мін. Зайнутдиновтың алғашқы бапкері – Рустам Акрамұлы. Бахтиер бірнеше клубта жаттықты. Оны басқа бапкерлер жарысқа жиі алып кететін. Сондықтан ол бүгінде жиі жара­қат алады. Себебі оны түрлі жастағы турнир­лерге көп қатыстырды. Шектен тыс жауап­кершілік жүктейтін. Сосын менің тобыма келіп, Артур Шушеначев екеуі Қазақстан чемпионы болды. Мен көп бапкерге дайын командаларды «беретінмін». Бір, екі ойыншы емес, тұтас команданы баптап беретінмін. Ай­на­лам «Тұтас команданы неге бере сала­сың?» деп ұрысатын. 13-14 жасқа дейін ко­ман­дам көп болды. Алайда ары қарай тек бір командамен айналысу керек болды. Зай­нут­диновтар үнемі өзінен үлкендерді жеңіп ке­тетін. Мұны көрген футбол орталығы оларды өздеріне сұрайтын. Сөйтіп, әр жастан 7-8 баланы алып кететін. Сол кезде мені де фут­бол орталығына жұмысқа шақырды. Спортзал жоқ болса да, серіктесім Ермек екеуміз мек­теп­терді аралап, «Сіздерден 3-4 баланы қосып ала­мыз. Осында жаттықтырайық» деп ке­лісетінбіз. Сөйтіп, дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күн­дері 4 мектепте кешкі уақытта жаттық­тырамыз. Ал көктемде «Локомотив» алаңынан орын берді. Балаларды онда апаруға ата-ана­лардың қолы тимейді, кейбірі жібермейді. Сонда автобус жалдап, әр аялдамадан бала­ларды өзім жинап алатынмын. Жаттығу біт­кен соң апарып тастаймыз. Ал Ермек алыста тұратындарды өз көлігімен таситын.
– Ғалымжан Кенжебекті алғаш көр­ге­ніңізде 4 жаста болғанын айтасыз. 4 жа­сар баланың футболға икемі барын қай­дан байқауға болады?
– Аулада ойнап жүрген балалармен түрлі ойын, конкурс өткіземін. Сол кезде анық бай­қалады. Ептілігі жақсылар бірден көзге түседі. Содан соң «Артекте» қалыптасқан «Мерген» ойы­нын ойнатамын. Осы ойыннан-ақ кімнің жақ­сы ойланатыны, тез шешім қабылдай­ты­ны, жылдам қимылдайтыны көрінеді. Шәкірт­терімнің арасында аулада мүлде доп теп­пеген, бірақ дене келбеті футболшыға келе­тіндері де бар. Оларға бірте-бірте бәрін үйретеміз. Бастапқыда бір-бірімізді дұрыс танымайтындықтан, жарыстарға барғанда таныстыру кешін ұйымдастырамын. Алдымен өзім туралы айтамын. Сосын олар өздері тура­лы қымсынбай айта жөнеледі. Бірер уақыттан соң тағы айтқызамын. Осылайша, бір-біріне және маған үйрету үшін олармен сағаттап сөйлесемін.


– Сіз туралы жазбаның астына сізді бұ­рын­нан танитын тараздық жанкүйер­лер «Суперзаманауи базасыз, академия­сыз ұлттық құрамаға мықты футболшы әзірлейтін конвейер» деп жазыпты. Расында, жалпы саны 23 футболшы ірік­теліп алынатын ұлттық құраманың 8 бірдей ойыншысы – сіздің шекпеніңізден шыққан шәкірттер. Олардың ойынын бақылап, марқаятын боларсыз?
– Кейбір мамандар «Мен мына баланы тәрбиеледім, анау мықтыны жаттықтырдым» деп айтып жатады ғой. Мен олай ешқашан айт­паймын. Мен тек «Ол баланы мен тауып ал­дым» деп айтамын. Бір бапкер «Тараздың бүкіл бапкеріне қарағанда сен бір өзің көп ойын­шы таптың» деп айтады. Бар болғаны – балаларға көмектесуім керек болды. Балалар кішкентайынан футболды жақсы көретінін біле­сіз ғой. Мен тек сол балауса шақта жөн сіл­тегім келді. «Мен және доп» аталатын бас­тап­қы кезеңде балаларды тек допты ұстауға үй­реттім. Ол жаста олар доптан басқаны көр­мейді. Соңына дейін допты өзі ұстағысы ке­леді. Ата-аналары «Неге пас бермейді?» деп ме­нен сұрайды. Мен «Пас бермеу керек» деп ай­тамын. Пасты шаршаған соң бергіземін. Ау­лада доп ойнап көрмегендердің көбіне аяқ­тары шынықпаған. Қарсыласын алдап өте алмайды. Оларға дұрысы кедергі келтірмей, ақыл айту керек. Кейін бәрін өздері алып кетеді. Сондықтан бүгінде ел аузында жүрген шә­кірттерімнің бәрі ол деңгейге өздері жетті дер едім. Әлбетте, құрамаға жиі шақырту алып, үлкен алаңдарда жақсы ойнайтыны көңіл­ге майдай жағады. Ондай кезде олардың бала кездерін еске аламын. Жуырда олардың қа­тарына қосылатындар көп. Бүгінде «Ертіс» сап­ында ойнайтын 20 жастағы Әбинұр Нұрым­бет секілді Премьер лигада, Бірінші ли­гада ойнап жүрген шәкірттерім жетерлік.
– Сізді Дядя Ваня деп шәкірттер ай­ту­шы ма еді, әлде әріптестеріңіз бе?
– Бапкерлер солай атап кетті. Ал шә­кірт­терім мені «ағай» деп атайды. Бір қызық ай­тайын, мен жаттығуларды қазақша жүр­гізе­мін. Бәрі түсінсін деп тек қазақша сөйлеймін. Шәкірттеріммен әлі күнге дейін қазақша сөй­лесемін. Десе де мұның минусы да бар. Ме­нен кейін басқа клубтарға барғанда орыс­тілді бапкерлермен сөйлесе алмай қиналады. Орыс­шалары нашар (күліп). Ал Бірлесу-Еңбек ауылында өскен соң, менің қазақшам жетік. Таразда тұрсам да, ауылдағылармен әлі бай­ла­ныстамын. Іс-шараларынан қалмаймын. Жыл сайын Жеңіс күнінде Құдайы тамақ бере­міз. Футбол жарыстарын өткіземіз. Әрі шах­мат, баскетбол, футбол ойнауға керек жа­рақтарын жіберіп отырамыз. 


– Суреттен байқағанымдай, құрама са­пындағы шәкірттеріңізбен де жиі кез­десіп тұрады екенсіз.
– Иә, жыл сайын шәкірттерімнің басын қо­сып, футбол жарысын өткіземіз. Ең кіші топ­тағы балалар арасында «Менің алғашқы жа­рысым» деген атпен турнир жасаймыз. Сол ба­лаларды марапаттауға Зайнутдинов, Ис­лам­хан, Сейсендерді шақырамын. Әрі олар ше­берлік сыныбын өткізеді. Балалардың тө­бесі көкке жетіп, кезектесіп суретке түседі. Шә­кірттерімнің аяқ алысын бақылап оты­рамын. Кейбіреулері «Ағай, мені ана клубқа ша­қырды», «Мен мына командаға ауысқалы жатырмын» деп жазады. Бар ақылымды ай­тамын. Олардың әр жетістігіне қуанып оты­ра­мын. Айтпақшы, 2018 жылы Болат есімді до­сым «Үш түрлі жастағы ұлттық құрамадағы ка­питандар –  сенің шәкірттерің» деп хабар­ла­сады. Мен оны білмеппін. Сөйтсем, сол жы­лы 15 жасқа дейінгі ұлттық құрама капи­таны – Кенжебек, 21 жасқа дейінгі құрамада Сейсен, ал ұлттық құрамада Исламхан ка­питан болып бекітілсе керек.
– Ер футболшылардан бөлек, бүгінде Түр­кияның «Bornova Hitabspor» клу­бында ойнайтын әрі Қазақстан әйелдер құ­рамасының белді мүшесі Карина Бе­рікова да сіздің шәкіртіңіз екен. Ол да бір сұхбатында алаңда жалғыз өзі доп ой­нап жүрген жерінен сіздің оны бай­қап, өз тобыңызға шақырғанын айтады.
– Иә, Карина – өте жақсы қыз. Ол менде үш жылдай жаттықты. Сенбессіз, бірақ ол ер балалармен бірге жаттықты. Каринаның ерек­шелігі, ешкімнен ұялмайтын. Балалар оған қыз бала деп мән бермесе де, Карина олар­мен иық тірестіріп, тартысты ойнайтын. Шәкірттерімнің аузынан тастамай айтып жүргеніне ризамын. Бұл – менің қазақ фут­болына қосқан кішігірім үлесім. 
– Көпшілік Ұлан Қонысбаевты да сіз жаттықтырдыңыз деп айтып жүр. 
– Бәрінің осылай айтып жүргеніне таң­мын. Ол менің тобымда мүлде жаттықпады. Оның алғашқы бапкері – Серік Өмірқұлов. Жуырда «Оқжетпесте» әрі жастар құрамасын­да ойнайтын Арсен Әшірбекті басқа бап­кермен байланыстырып жүргенін естіп қал­дым. Мен – Арсеннің алғашқы бапкерімін. Мен олардың отбасылық бапкерімін десе де бола­ды. Оның екі бауыры менде жаттықты. Өте дарынды балалар. Әрі олар менің – туыс­тарым. Менің де руым – Байтана (күліп). Әшірбектен бөлек, Исламхан да – Байтана руы­нан. Байтана көп тұратын біздің ауылдан фут­болшы шығару менің арманым еді. Ауы­лымнан болмаса да, көрші ауылдан шықты. Сол үшін қуаныштымын!


– Бүгінде ұлттық құрамада басты қақ­пашыға айналған Мұхаммеджан Сей­сен­нің голкипер болатынын бірден сез­діңіз бе?
– Ол басында шабуылшы позициясында ой­нады. Өзі бойшаң, еңселі жігіт қой. Тек жү­гіргенде қиналатын. Біздің топта негізгі қақ­пашы басқа бала болған. Анасы қайтыс бо­лып, жаттығуға келмей қойды. Қақпаға кім­ді қоямыз деп бақылау жүргіздік. Әдетте, біз ойыншының анасына қараймыз. Сей­сеннің анасы да өзі секілді бойшаң. Бірде оны қақпаға тұрғызып көрдік. Ол допты жақсы тосып алады. Мұны білген соң, әкесі келіп, ұлы қақпашы болса, басқа бапкерге жібере­тінін айтты. «Қақпашы болса, негізгі құрамға шығар мүмкіндігі мол» десем де бой бермеді. Ақырында, оны бір тайм шабуылдаушы, бір тайм қақпашы қылып көрейік деп келістік. Бірте-бірте оған қақпашы болған ұнап, ақы­рында жасөспірімдер құрамасына шақы­рыл­ды. Әкесі сол кезде хабарласып, алғысын айт­ты. Кейін жастар құрамасына шақырғанда да, тағы хабарласып, ризашылығын біддірді.
– Зейнет жасына шықсаңыз да, Hat-Trick жеке меншік клубына бас-көз бо­лып жүрсіз. Клубыңызға балаларды әлі аула аралап жүріп шақырасыз ба әлде өз­дері келе ме?
– Қазір балалар аулада аз ойнайды. Десе де, арасынан атып шығатындар бар. Жуырда екі жақсы баланы тауып алдым. Мені Тараз­дың дене шынықтыру мұғалімдерінің бәрі та­­­­ниды. Қазір олармен келісіп алғанмын. Олар демалыс сайын бірнеше баланы алып ке­леді. Оларды бір сағат түрлі конкурсқа қа­тыстырып, іріктеп аламын. Қазір біздің клуб­та 500 бала жаттығады. Қаладағы төрт жерді жал­ға алып, жаттықтырып отырмыз. Біздің спорт мектебі мен футбол орталығынан айыр­мамыз қандай? Олар біз секілді ел ішін аралап іздемейді. Екіншіден, біз ата-аналарға икем­делеміз. Тұратын жерлерін ескереміз. Жұмыс уақытын да есепке аламыз. Қазір мен 69-дамын. 63 жасқа дейін футбол орталы­ғында жұмыс істедім. Hat-Trick клубын 2018 жылы құрдық. Атауы қайдан шықты десеңіз, бір Кубоктық ойында Исламхан 3 гол соқты. Кейін Зайнутдинов тағы 3 гол салды. Осыдан соң клуб атауын солай атағанды жөн көрдік. Ор­талық пен клубтың арасында шапқылау қиын­ға соқты. Сөйтіп, осы жылдың жазында ол жақтан босадым. Қазір тек клубта жат­тық­тырамын. Бізде орын жеткіліксіз. Залдарды жалдау да қиындық тудырып тұр. Қазіргіден де көп баланы жаттықтырар едік. Қолдан ке­лер шара болмай тұр.


– Қазір басты мақсатыңыз не?
– Басты мақсат – ұлттық құрамаға неғұр­лым көп ойыншы баптап шығару. Осы ретте ай­та кетейін, егер адам жұмыс істемесе, дұш­паны аз болады. Ал егер көп жұмыс істесе, кө­ре алмайтындар жетіп артылады. Мені жұрт көп жамандайды, демек мен жақсы жұ­мыс істеймін. 
– Сізді не деп жамандайды?
– Таразда мықты клуб біздікі болған соң, біз­ге мұрша бермейді. Жарыстарда құжаттар­ды өтірік жасап, балаларымызды үлкен жас­тағы­лармен ойнатып қояды. Бұрын бапкер­лер­мен күрескен едім, енді олардың шәкірт­терімен күресіп келемін. Мен мұндаймен ешқашан айналыспағанмын. Айналыспаймын да. Исламханнан «Басқа бапкерлер біздің коман­даны неге жек көреді?» деп сұраңызшы. Ол бәрін айтып береді. Сосын төрешілермен ке­лісу, ақша беру секілді ұят тірліктер тағы бар. Мен мұндай тірлікке еш келіспегенмін, келіспеймін де. Қайыра айтқанда, біздегі футболда былық көп. Балалар футболында мәселе көп.
– Бәрі жақсы болсын! Әңгімеңізге рах­мет!

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

 

Тэгтер:

ұлттық құрама Ғалымжан Кенжебек Дядя Ваня Тараздағы Дядя Ваня Иван Ильницкий Иван Ильницкий бапкер Тараз футболшылары Бауыржан Исламханның алғашқы бапкері Мұхаммеджан Сейсен Дінмұхамед Қараман