Нью-Йорк пен Мехикодағы концерттер өте жоғары деңгейде өтті – Қанат Айтбаев

17 қазан, 2025 / Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ
dimashnews.com

Өткен аптада Димаш Құдайберген «Stranger World Tour» әлемдік туры аясында Нью-Йорктегі атақты Madison Square Garden сахнасында, Мексика астанасы Мехикода өнер көрсетті. Мехикода екі концерт қойып, онда сатылымға шыққан билеттердің тез арада өтіп кеткенін әлемдік БАҚ жарыса жазып жатыр. Біз Димаштың әкесі, «Димаш-Әли» шығармашылық орталығының жетекшісі Қанат Айтбаевпен әңгімелескен едік. Концерт туралы әлемдік, отандық БАҚ жазғасын, біз сахна сыртындағы дүниелерге көбірек үңілуге тырыстық. 

Орындалған арман

– Қанат Құдайбергенұлы, Нью-Иорк пен Мехикодағы концерттердің өте тамаша өткенін әлеуметтік желі арқылы көріп отырдық. Әрине, мұның артында біз білмейтін қаншама еңбек жатыр. Madison Square Garden-де концерт қою өнер адамы үшін үлкен арман ғой...

– Иә, өнер адамы үшін  бұл сахна өте танымал, биік белестің бірі.  Өйткені ол Майкл Джексон, Лучано Паваротти, Андреа Бочелли, Мадонна, Елвис Пресли, Элтон Джон т.б. көптеген әлемдік музыканың жарық жұлдыздары өнер көрсеткен сахна. Димаш бала кезінен осы жерде концерт қойсам деп армандайтын. Кейін нақты мақсат етіп қойып, жоспарына енгізді.
8-9 айға созылған дайындық жұмыстары жүрді. Қойылымның бағдарламасы нақтыланды, концертті ұйымдастыратын америкалық компаниямен келісім жасалды. Димаш  Қазақстанда басталған «Stranger» бағдарламасына жаңа контенттер, жаңа әндер енгізіп, режиссурасына  толықтырулар енгізді. Сосын жарнама жұмыстарына кірістік. Концерттің өтуіне атсалысатын командамыздың техникалық, шы­ғармашылық құрамы халықаралық. Олардың арасында қазақстандық жас­тары­мызбен қатар, Испания, Германия, Куба, Ресей, Украина, Қытай азаматтары бар. Димаш алыстағы шығармашылық топ­пен онлайн байланыста болды. Ал­маты мен Астанадағы топпен қасында жүріп, тығыз қарым қатынаста жұмыс іс­теді. Концерт уақыты жақындаған кез­де команда Астанада түгел жиналып, ре­петиция жасалды. 
АҚШ пен Қазақстанның уақыт ара­лығы біршама. Бізде күн батып жатса, олар­да таң атып жатады. Адам ағзасы оған үйренгенше де біраз уақыт керек. Ди­маш көмекшілерімен 30 қыркүйек күні ұшып кетті, қалған 44 адам 3 қазан күні жеттік. 


Madison Square Garden – күнде іс-шара өтіп жатқан жер. 5 қазан күні барып, концерт басталғанша көңілді қо­балжытқан талай сәт өтті. Енді ше, әлемнің ең үлкен сахнасында бір елдің атынан өнер көрсеткелі тұрмыз. Ұйым­дастыру барысында кейде түрлі қиын­дықтар болып жатады. Бірақ біз оны Димашқа білдірмеуге тырысамыз. Өйт­кені ол онсызда кез келген концерттің ал­дында қатты толқиды. Дәл концерт басталатын тұста тастүйін болып, бойын жиып, шиыршық атып тұрады. 
Madison Square Garden-нің фойе­сінде осы жерде ән айтқан жұлдыздар­дың бәрінің суреттері ілулі тұр. Ең соңын­да «Бүгін Димаш Құдайберген өнер көрсетеді» деп жазылған. Концерт­тік залды айнала қойылған электронды таблода «Димаш, Madison Square Garden-ге қош келдің» деген жазу шыққанда көңілімізді қуаныш биледі. 
Димаштың көптен бері айтып жүр­ген үлкен арманы бар-ды, ол – Madison Square Garden сахнасындағы концертін Қа­зақстанның Әнұранымен бастау. 
Бұл – ұйымдастырушы тараппен алдын ала келісілді. Халықаралық хаттамаға сәйкес, бірінші қабылдаушы жақтың, со­сын Қазақстанның Әнұраны орындал­ды. Әуелі біздің командамыздың бэк-вока­лисі Расул Османов: «Ханымдар мен мыр­залар, орындарыңыздан тұру­ла­рыңыз сұралады. Қазір Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік Гимні орын­далады», – деп хабарлады. Жинал­ғандар гу ете қалды. Димаштың Ақор­дада түсірілген клипі жарқ ете қалғанда бәрі орындарынан дүрк көтерілді. Әнұран­ның қайырмасына келгенде жи­налғандардың баршасы ұлтына, нәсіліне қарамастан қосыла орындағанын көр­генде менің кеудемді қуаныш сезімі би­леп, көз алдымнан ұлтымыздың күллі тарихы өткендей болды. Шәмші Қал­даяқов пен Жұмекен Нәжімеденов осы әнді шамамен Димаштың жасында жаз­ды ғой. Енді, міне, әлемнің ең үлкен сах­наларының бірінде қазақтың тағы бір ұлы, Тәуелсіз мемлекеттің азаматы орын­дап тұр. Үлкен экранда біздің Көк Ту желбірейді. Әнұран аяқтала берген сәттегі көрерменнің ерекше ықыласын кө­ріп, қуандық. Бұл концерттің сәтті өте­тінінің нышанындай еді. 


«Golden» әні басталғанда-ақ көрер­мен қосыла кетті. Димаш концертте қа­зақ, орыс, ағылшын, итальян, қытай жә­не испан тілдерінде, әртүрлі жанрда ән айтты. Біразы – өз дүниелері. Бір ға­жа­бы, ол қай тілде ән орындаса да, тың­дар­ман ілесе жөнеледі, қосыла шыр­қай­ды. Тыңдармандарына танымал шығар­ма­ларын былай қойғанда, Сәкен Сей­фул­линнің «Тау ішінде», Орал Бай­сеңгір­дің сөзіне жазылған Димаш­тың «Ұмы­тылмас күнін», Мұнайдар Баймолданың сөзіне жазылған Айгүл Бажанованың «Махаббат бер маған» әндерін залдағы көрермен бір кісідей қосылып әуелетеді. 
Димаштың «Бір аспанның астын­да­ғы тарих» деген композиторлық дүниесі бар. 13 минут орындалатын күрделі рек­вием. Ол ең алғаш орындап берген кез­де жүрегім аузыма тығылып, көзіме лықсып жас келген. Кейін оны өзі жан-жақты жетілдіріп, тыңдарман талқы­сына ұсынды. Жер бетінде қаншама ха­лық бар. Бәрі бақытты өмір сүргісі ке­леді. Әркім өзінің ата-анасы, ұрпағы бейбіт өмір сүргенін қалайды. Адамды ізгілікке жетелейтін қаншама дін бар. Бірақ неге бейбіт қан төгіледі? Неге біреу әкесінен, біреу анасынан, біреу бала­сынан айырылады? Аспан – біреу, өмір сүріп жатқан мекен – Жер біреу, неге тату-тәтті өмір сүре алмаймыз? Компо­зиция­ның мағынасы – осы! Онда мұ­сылманның азаны да, христиан шір­кеуі­нің қоңырауы да, буддашы­лардың үн­дері де, күллі адамзаттың арзу-арманы да бар. Экрандағы контент соңында әлем­дік дәстүрлі дін өкілдері басшылары­ның бейбітшілікке үндеген жазулары шығады. Міне, осы композиция орын­да­лып, аяқталғанда мыңдаған тыңдар­ман орындарынан тік тұрып, ұзақ қол соқты. Кейбірінің көзінен жас тамшылап тұрғанын байқадым. Музыканың құ­діре­ті осы ғой! 
Концерт біткеннен кейін 15 елдің АҚШ-тағы елшісі келіп, Димаш­пен аман­дасып, құттықтады. Бір-бірімен араз елдердің де өкілдері қатар тұрып, құт­тықтағанын көргенде риза боласың. 
Димаш бала күнінде: «Мен үлкен сахналарда мыңдаған көрерменнің ал­дында ән айтамын» дейтін. Ол әлемнің ең танымал сахнасында ән айтып, тағы бір арманына қол жеткізді. 

Мехикодағы мезеттер

– Мехикодағы екі концерт әу бас­та жоспарланған дүние ме?
– Біз дүниежүзіндегі Димашқа қа­тыс­ты ақпараттарды зерделеп отыра­мыз. Соның ішінде Латын Америкасында оның өнеріне деген қызығушылық жо­ғары екенін байқадық. Сосын Мексика аста­насы Мехикода бір концерт қоюды жос­парладық. Ұйымдастырушылар сон­дағы әйгілі, 10 мың орындық «Auditorio Nacional» сахнасымен келісіп, билеттерді сатылымға шығарғанда аз уақыттың ішін­де өтіп кеткенін хабарлады. Сұра­ныс көп болғандықтан тағы бір концерт өткізу жөнінде ұсыныс түсті. Димашпен ақылдасып ем, ол қуана келісті. Біздің ке­лісімімізді алғасын ұйымдас­тыру­шы­лар 15 мың орындық «Palacio de los Deportes» спорт сарайының сахнасына би­лет сатып, оның да тез өтіп кеткенін ха­барлады. 
Мехико бізді өте күшті қабылда­ды. Әуежайға қонған сәтте-ақ мыңдаған көрерменнің ықыласын се­зін­дік. Ілтипаты жоғары, көңілді халық екен. Бірінші концерт басталар сәтте сырт­қа шығып келген командамыздың бір мүшесі жиналған халықтың: «Оле, оле, Димаш, Қазақстан» деп ұрандап тұр­ғанын айтып келді. Сәлден соң ста­дионға кірген олардың сол ықыласының әсері болар, концерт те ерекше екпінмен басталды.
– Димаш сол концертте ерекше ар­қаланып кеткен сияқты көрінді. Шы­нымен солай ма?
– Иә. Мексикалық көрерменнің ықы­ласы оны ерекше шабыттандырып жі­берді. Залда ине шаншар орын жоқ. Кейбірі ән мәтіндерін бір-бір қойын кі­тапшаға жазып алған. Қандай ән бас­таса да қосыла кетеді. Билері керемет. Түр­лі мәдениеттің бас қосқан жері ғой, энергетикалары бөлек. Содан да Димаш ерек­ше жарқырап шыға келді. Тіпті, экспромтпен бірінші рет испан ті­ліндегі танымал ән «Besame Mucho-ны» шырқады. Тосынсый бұ­нымен аяқталған жоқ. Бір көрермен сахнаға Мексика­ның туын лақтырды. Ту жерде жатпауы керек қой, Димаш оны дереу қос қолымен кө­теріп алып, желбіретті. Сол кезде тағы бір мексикалық кө­рермен сахнаға Қазақ­стан­ның туын лақтырды. Мен қат­ты қобалжыдым. Өйткені Ди­маш Мексиканың туын тас­тай салып, өз туымызды желбірет­се, көрерменнің көңіліне келеді ғой. Бір кезде ол анадай жерде видео тү­сі­ріп тұрған Мансұрды шақырып алып, Мек­сиканың туын соған ұстатты. Сосын өз туымызды тізерлеп тұрып сүйіп жо­ғары көтерді. Мексикалықтар орын­да­ры­нан дүрк көтеріліп, құрмет көрсетті. Екі ұлымның екі елдің туын көтеріп тұр­ғанын көріп, көңілім толқыды. 
Араға бір күн салып өткен екінші кон­церт те өте жоғары деңгейде өтті. 


Жалпы, маған Мексика қатты ұна­ды. Көшелері тап-таза, хал­қы бауырмал. Бізге қолдау көрсеткен Мек­сикадағы Қа­зақстанның елшілігіне де алғыс айта­мыз. 
Осы концерттерде Димаш «Самғау» ат­ты жаңа туындысын ұсынды. Көп­ші­лік­тің көңілінен шыққан сияқты. 
– Шетелде, әсіресе, Madison Square Garden секілді әлемнің №1 сах­насында өнер көрсету оңай емес. Оның үстіне команданың 44 адамын алып жүру де аз жүк емес-дүр... 
– Әрине. 44 адам – ең алдымен бір-бір үйдің азаматы. Сондықтан олардың қауіп­сіздігі бірінші орында. Сосын олар­дың әрқайсысы – өз саласының мықты ма­маны. Маман өз шаруасымен ғана ай­налысуы керек. Ал қалған ұйым­дас­тыру мәселесінің бәрі «Димаш-Әли» шы­ғармашылығының мойнында. Біз өз мін­детімізді адал орындап келеміз. 
– Dears -тердің ықыласы бай­қа­лып тұрды...
– Қай жерге барсақ та, ерекше ықы­лас­пен қарсы алатын dears-терге алғы­сы­мыз шексіз. Осы жолғы сапарда да олар­дың шексіз махаббатын сезіндік. Өкі­нішке қарай, олармен жүздесіп, әңгі­ме­лесуге менің қолым тие бермейді. Све­та Мехикодағы бір кездесуге барып, ерек­ше әсерленіп келді. 
– «Stranger World Tour» жалғаса­ды ғой?
– Иә, жыл аяғына дейін Барселона, Лон­дон, Берлин, Рига, Ханой қалаларын­да концерт өтеді. Ал жаңа жылдан бас­тап жаңа бағдарламаға кірісеміз. 

Концерттен кейін

– Димаштың шетелдегі концерт­терінде отбасы мүшелері толық қа­сында болатынын байқап жүрміз. Енді бір сұрақ: ол дәл концертке шы­ғар алдында қандай көңіл күйде бо­лады? Қандай да бір ырымға сене ме? 
– Әр концерт менің батаммен баста­лады. Өзі де соны күтіп тұрады. «Алла жар болғай, ата-бабаңның аруағы қол­дап, концертің сәтті өткей. Халықтың ықыласына, шапағатына бөленгейсің» деп батамды беремін. Әумин деп сахнаға беттейді.
Концерт бірнеше бөлімнен тұрады ғой. Бір бөлім аяқталып, сахна сыртына беттегенде ол екі көзімен бізді, Света екеумізді іздеп келе жатады. Мұндайда ол салиқалы азамат, танымал әнші емес, кішкентай балаға айналады. Тамағына қолын апарып, көзімен сұрау салады. «Дауысым қалай шығып жатыр?» дегені. Біз бас бармағымызды көрсетіп, белгі береміз. Дауыстап сөйлесіп жату қиын ғой, ыммен сөйлесіп, бір-бірімізді қас-қа­бақтан түсінеміз. Ол концерт бары­сын толық бақылауында ұстайды: «Мы­на жақ қапталда дыбысты сәл азайту керек», «ана жақ маған толық естілмей жа­тыр» деген сықылды қысқа-қысқа нұс­қауларын беріп, келесі бөлімге дайын­далуға кірісіп кетеді. 


Ата-анасының бір ауыз жылы сөзі, тіпті шаттанып тұрған көзқарасы оны қа­наттандырады. Ал бауырлары қос қа­наты секілді. Жалпы, мен үйде бала­лары­ма: «Сендерде 50 пайыз әкенің, 50 пайыз шешенің қаны бар. Ал сендер 100 пайыз туыссыңдар. Бір-біріңнен артық адам жоқ» деп үнемі айтып отырамын. Бірнеше тілді еркін білетін Раушан кон­церт кезінде суфлерлік басқаруды қо­лы­на алады. Бұл – әр тілді команда үшін өте маңызды дүние. Қай жерде кішкен­тай кілтипан болса, ол дереу жеткізеді. Ал Әбілмансұр ең алғаш сахнаға Димаш­тың Алматыдағы концертінде шыққан бала. Қазір өз туындыларын көрерменге ұсы­на бастады. Димаш кәсіпқой му­зы­кант ретінде оның өнерін өте жоғары бағалайды: «Мен оның жасында музы­каны дәл ол секілді терең түсініп, аспап­тар­да дәл ол секілді ойнай алмайтын­мын» дейді. Онысын Мехикодағы кон­цертте де айтты. Қазір Мансұр ағасы киім ауыстырғанда сахнаға шығып, кө­рер­меннің ықыласына бөленіп жүр.
Димаш концертке барын беріп шы­ғады. Оның әбден қалжыраған, бірақ ба­қытты түрін көру – біз үшін үлкен қуа­ныш. Арсалаңдап келіп құшағымызға қойып кетеді. Жүрегі атқақтап, бүкіл клет­касы дірілдеп тұрады. Киімі сығып алу­ға келетіндей су-су. Үш сағат сахнада жү­гіріп жүріп, ән айту оңай емес. Мы­са­лы, Астанадағы концертте сахнаның ау­мағы 80 метр болды. «Мен 3 сағатта мара­фон жүгіріп өтіппін ғой...» деп күле­ді кейін. 
Әдетте, концерттен соң әуелі ко­мандаға рахмет айтамыз. Со­сын өзіміздің отбасы оңаша қалып шай іше­міз. Концертті талқылаймыз. Кейін ба­рып, әркім өз бөлмемізге беттейміз. Ди­маштың ұзақ уақытқа дейін көз іле ал­май жататынын білемін. Өйткені ана­дай сезімдерді бастан кешкеннен кейін бірден ұйықтап кету тіпті мүмкін емес. 
– Қазір Димашқа мемлекет тара­пынан қорғау керек деген пікірлер ай­тылып жатыр. Бұған не дейсіз?
– Бұл жөнінде оның өзімен әңгіме­лес­кенбіз. Шетелге шыққанда шақыру­шы тарап әншінің қауіпсіздігін өз мой­нына алады. «Ал Қазақстанда әр азамат ме­нің қорғаушым ғой» дейді Димаш. 


– Димаштың әр концертіне жер-жерден тыңдармандары келеді. Нью-Йоркте, Мехикода да дәл солай болды деп жатыр. Жалпы, қай ел­дегі концертіне адам көп келеді, со­ның статистикасы бар ма?
– Иә, Нью-Йоркке де, Мехикоға да сырт­тан көп көрермен келді. Мехи­ко­дағы ұйымдастырушылар Латын Аме­рикасының көп елдерінен адам келді деп хабарлап жатты. 
Жалпы, байқағаным, көрер­мен­дер Қазақстандағы концертке келуге тырысады екен. Мысалы, Алма­ты­дағы концертке 64 елден 13 мыңдай адам келді. Астанадағы концертке 82 ел­ден дәл сол шамадағы көрермен қа­тыс­ты. Оның ішінде бір айға, бір аптаға, екі күнге келгендері де бар. Жалпы, Аста­на мен Алматыда өткен үш кон­цертке 35-36 мыңдай адам қаты­сып­ты. Олар тек осы екі қаланы ға­на көрген жоқ. Ақтөбеге ар­найы барғандары да, Қазақ­стан­ның түпкір-түпкірін ара­лағандары да бар. Міне, осын­­шама адам Қазақстан ту­­ралы өз елдеріне мол мағлұ­­мат алып кетті. Пре­зи­дент көп айтатын креа­тивті индустрия дегеніміз – осы! 
– Экономикалық жа­ғы­нан қанша пайда әкел­генін айтпағанда дейсіз ғой. Жалпы, ол жөнінде де­рек бар ма?
– Менде ондай нақты мәлімет жоқ. 
– Сонда да «Байжан шамамен» жо­балап көрейікші. 36 мың көрер­мен орташа есеппен 2 мың дол­лар­дан тастап кетті дегенде 72 миллион дол­лар, теңгеге шаққанда, 40 мил­лиард­қа жуық ақша бола ма? 
– Шамамен солай болар. Білетінім, біз өз мемлекетіміздің имиджі үшін жұ­мыс істеп жатырмыз. Әрі қарай да солай іс­тей береміз. Келген адамдардың де­ні­нің Отанымыз туралы жақсы пікір қал­дырып жатқанын байқаймын. Сосын, өзіңіз де байқаған боларсыз, әлемнің түп­кір-түпкірінде Қазақстан туралы кө­бірек білуге құштарлық байқалады. Бұ­рын тек қазақ тіліндегі әндерді ғана орын­даса, қазір біздің ана тілімізді иге­ріп, алғысын жеткізіп жатқандар да бар. Оны осы жолғы сапарда да сезіндік. 
– Концертті қай жерде ұйымдас­тыр­ған тиімді: шетелде ме, Қазақ­стан­да ма?
– Біз үшін өз елімізде ұйымдастырған тиім­ді, әрине. Ұйымдастыру шаралары әлдеқайда жеңіл болады. Сосын өз елің, қа­лай дегенде де – өз елің! Көмек, қол­дауын сезініп отырасың. 
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен – 
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ

Тэгтер:

Димаш Құдайберген жеке концерт Қанат Айтбаев Madison Square Garden-дегі концерт