Биыл Ақтөбе облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында 770 гектар аумаққа барлығы 7300 түп ағаш көшеті егілді. Өткен аптада Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров «Алтын Орда» шағын ауданындағы «Денсаулық» саябағында ағаш отырғызу шарасына қатысты. Сенбілікке ардагерлер кеңесінің мүшелері, «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері мен облыстық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері атсалысты. Олар саябақ аумағын ретке келтіріп, ағаш көшеттерін екті. Атап айтсақ, саябаққа 200 түп үйеңкі мен ақ қайың көшеті отырғызылды.
113 мың көшет егіледі
Өңір басшысының айтуынша, биыл көктемгі екі айлық аясында облыс аумағында 55 мың түп ағаш егілген. Ал күзгі маусымда 113 мың көшет отырғызу жоспарлануда.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша еліміздің барлық өңірінде экологиялық жағдайды жақсартуға және көгалдандыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Әрбір тұрғын өз елді мекенінің тазалығы мен көркеюіне жауапкершілікпен қарауы аса маңызды. Тек бірлескен еңбектің арқасында біз нақты әрі тұрақты нәтижеге қол жеткізе аламыз. Мұндай сенбіліктер адамдарды біріктіріп, экологиялық мәдениетті қалыптастырады, табиғатқа ұқыпты қарауға, жауапкершілікті сезінуге тәрбиелейді, сондай-ақ қалалар мен ауылдардың көркеюіне үлес қосады, – деді Асхат Шахаров.
Облыс әкімі Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы — ел азаматтарының табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды бастама екенін жеткізді.
Айта кету керек, биылғы 13 қыркүйек-15 қараша аралығында Ақтөбе облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында санитарлық тазалау бойынша күзгі екі айлық өтіп жатыр. Бұл іс-шаралар аясында тазалық шаралары, жасыл желек егу және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Облыс әкімі оқушылармен бірге «Мектеп орманшылығы» жобасы аясында ағаш көшеттерін егу шарасына да қатысты. Бұл шара аясында өткен сенбі күні жалпы саны 1350 ағаш отырғызылды.
– «Мектеп орманшылығы» жобасы Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясымен үндес. Жоба биылғы сәуір айында елімізде алғаш рет Ақтөбе облысында басталып, күз мезгілінде де жалғасын табуда. Оның мақсаты – оқушыларға орман шаруашылығы мен табиғатты пайдаланудың кәсіби бағдарын үйрету, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және туған жердің табиғатына жанашырлық сезімін арттыру. «Мектеп орманшылығы» – ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған маңызды іс-шара. Биыл сәуірде басталған жобаға облысымызда Ақтөбе қаласы мен бірнеше ауданнан 400-ден астам оқушы қатысып, қазірге дейін 850 түп ағаш отырғызылды. Бүгін біз сол еңбектің нәтижесін – бой түзеп, жапырақ жайған көшеттерді көріп отырмыз. Жоба бір реттік шара емес, әлі де ауқымды ағаш отырғызу науқанын өткіземіз. Жас ұрпақтың жасыл желектерді жауапкершілікпен күтіп-баптауы – болашақ үшін қажетті іс, – деді Асхат Шахаров.
Акцияға қаладағы орта мектептерден 102 оқушы қатысып, 3,2 гектар аумаққа 100 түп терек, 100 шаған, 30 түп қайың отырғызды. Шара алдында №80 орта мектептің биология пәні мұғалімі Мәди Өтесін экологиялық тақырыпта танымдық дәріс оқып, оқушыларға табиғатты қорғаудың маңызын түсіндірді.
343 мың тұрғын атсалысты
Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Құлмағамбетовтің айтуынша, өңірде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өткен жылдың сәуір айынан бастап өткізіліп келеді.
Акцияның ауқымы аумақты тазалау мен көгалдандыру бойынша сенбіліктер шеңберінде шектелмей, оның ауқымын кеңейту мақсатында «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы және оны іске асырудың 2024-2029 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары әзірленіп, 2024 жылғы 31 қазандағы №910 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген.
– Облысымызда экологиялық мәдениет тұжырымдамасын іске асыру жөнінде өңірлік жоспар жасалды. Жыл басынан бері акцияға 343 878 тұрғын, 11 184 мекеме мен кәсіпорын қатысып, 99 444 аула (3077 көппәтерлі тұрғын үй, 96 367 жеке тұрғын үй) , 1734 әлеуметтік нысан, 342 саябақ пен алаң тазартылды. Сондай-ақ 241 су айдынының жағалауы (өзендер, көлдер, бұлақтар, жасанды су айдындары) мен 80 072 метр арық күл-қоқыстан тазартылды, – дейді ол.
Оның айтуынша, өңірімізде аумақтарды жинау жұмыстарына 4351 техника тартылып, қатты тұрмыстық қалдық полигондарына 40 730 тонна қалдық шығарылған.
Бағдарлама басталғалы қатысушылар саны мен бизнес субъектілерінің белсенділігі артып келеді. «Таза сенбілік», «Тазару күні», «Мөлдір бұлақ», «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» сынды экологиялық акциялар өткізіліп жатыр. Сонымен қатар облыс көлемінде «Үздік аула», «Үздік көше» және басқа да байқаулар ұйымдастырылған.
– «Таза Қазақстан» бағдарламасын әрі қарай жалғастыру мақсатында биыл 13 қыркүйек пен15 қарашасы аралығында Ақтөбе қаласын және аудандарды, елді мекендерді көгалдандыруға, санитарлық тазартуға және абаттандыруға бағытталған сенбіліктер өткізу жарияланды. Осыған орай 13-16 қыркүйекте «Таза өлке», 20 қыркүйекте «Дүниежүзілік тазару күніне» орай акциялар өткізілді. Ал қазан айында «Мөлдір бұлақ», «Мектеп орманшылығы», «Тал отырғызу күні» акцияларын өткізу жоспарланып отыр, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Сондай-ақ, бағдарламаға байланысты БАҚ пен әлеуметтік желілерде 20 мыңнан аса ақпараттық материалдар жарияланған. «TazaQazBot» чаты арқылы жыл басынан бері барлығы 461 өтінім келіп түскен. Алдағы уақытта «Таза Қазақстан» бағдарламасы жоспарлы түрде жүзеге асырылатын болады.
Цифрлық технология және абаттандыру
Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бисембиннің айтуынша, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қаладағы қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесіне цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары қолға алынған.
Биыл қалдықтарды сұрыптау жобасы аясында Актөбе қаласына 1 443 дана контейнер мен 25 дана мусоровоз сатып алынған. Сондай-ақ «Ақылды қала» концепциясының талаптарына сәйкес, қаланың қоқыс алаңдарына бейнебақылау камералары орнатылған. Қазіргі таңда 25 камера полиция департаментінің оперативтік басқару орталығына байланыстырылған. Бұл құрылғылар заңсыз қоқыс шығаруды дер кезінде анықтауға және айыппұл салуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Қала көшелері мен қоғамдық кеңістіктің тазалығын жақсарту мақсатында 2025 жылы Ақтөбе қаласының коммуналдық қызметтеріне көшелер мен саябақтарды тазалауға 35 жаңа арнайы техника сатып алынды. Жаңа техника көктем-жаз және күз-қыс мезгілдерінде тазалау жұмыстарының жеделдігі мен тиімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Автопарк жол бөліктерін, тротуарларды тазалауға және көгалдандырылған аумақты күтіп ұстауға арналған заманауи техникамен толықтырылды. Бұл іс-шара қала аумағын абаттандыру және тазалау бағдарламасы аясында іске асырылды. Техника тиісті мердігер ұйымдар мен коммуналдық кәсіпорындарға жыл бойы пайдалануға бөлінді. Ақтөбе қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында биыл екі ай бойы өткізілген сенбіліктер кезінде 10 926 ағаш отырғызылды. Осы жасыл желекті күтіп ұстау жұмыстары жүргізілуде, – дейді ол.
«Таза Қазақстан» акциясын жүзеге асыру ағаш отырғызумен шектелмейді. Бұл бағытта жаяу жүргіншілер жолдарын жаңарту, абаттандыру жұмыстарын жүргізу міндеті де тұр. Мәселен, биыл Ақтөбе қаласы Астана ауданының жаяу жүргінші жолдарын жаңарту жұмыстары қолға алынған.
– Бұрын көктем мен күз айларындағы жаңбырлы кезеңде жаяу жүргіншілердің қозғалысына қиындық тудыратын Абылай хан даңғылындағы ескірген тротуар бөліктері жөнделе бастады.. Даңғыл 4 бөлікке бөлінген. Атап айтсақ, Ғазиза Жұбанова көшесінен бастап «Береке» банкіне дейін және «Нұрдаулет» сауда орталығының алдында, Марат Оспанов көшесінен бастап «Қалам» кеңсе тауарлары дүкеніне дейін, «Мәдениет» сауда орталығынан «Космос» аялдамасына дейін, «Космос» аялдамасынан «Қалам» дүкеніне дейін. Бұл жаяу жүргіншілер жолы қайта жаңарады. Қазір конкурстық рәсімдер аяқталды. Мердігер ұйым ретінде «КАЗРОС Альянс» ЖШС анықталды. Сонымен қатар Әбілқайыр хан даңғылында жалпы ауданы 12 500 шаршы метр болатын жаяу жүргінші жолдарын жаңарту да жоспарға енді. Жұмыс басталып кетті, – дейді Ж.Бисенбин.
Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстар Алматы ауданында да жүзеге асырылмақ. Ал абаттандыру жұмыстары аясында Ескі қала мен Құрмыш тұрғын алабының көшелерінде (Кереев, Шернияз, Некрасов, Ломоносов, Жанкожа) жалпы ауданы 10 356 шаршы метр түрлі түсті фигуралы тағантас төселген. 312-атқыштар дивизиясы, Сүт зауыты, Кірпішті (Шаңырақ саябағы), Есет батыр аудандарында жалпы ауданы 4390 шаршы метр жаңа тротуар салынып, Заречный-4, Есет батыр, Қарғалы (Жеңіс саябағы) учаскелерінде 1914 шаршы метр жаяу жүргінші жолы қалпына келтірілген.
– Ақтөбе қаласында барлығы 711 көше және 64 тұрғын массиві бар. Қаладағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 931,2 шақырым. 2025-2026 жылдары жалпы сомасы 93 миллиард теңге болатын 44 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру көзделген, оның ішінде дәл қазір 28,3 млрд теңге мөлшерінде қаржыландыру қарастырылған. Аталған шаралар көлік қолжетімділігін арттыруға, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға, жол қозғалысының қауіпсіздігі мен ыңғайлылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ қалалық ортаны абаттандыруға бағытталған. Барлық жобалар бекітілген кестелер мен бөлінген қаржыландыруға сәйкес кезең-кезеңімен іске асырылатын болады, – дейді қала әкімінің орынбасары.
«Жасыл ел» сарбаздары белсенді
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары да өз үлестерін қосып келеді. Олар апта айын сенбілікке шығып, түрлі санитарлық тазалау шараларын, тал егу акцияларын өткізіп жүр. Мәселен, өткен сенбі күні «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының штабының ұйымдастыруымен №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аумағында «Менің атаулы ағашым» атты тал отырғызу акциясы өтті.
Аталмыш акцияның басты мақсаты – болашақ әлем чемпиондары шығатын ортаны көркейту, табиғатқа қамқорлық таныту, үлгі көрсету, сондай-ақ қаламыздың гүлденуіне өз үлесін қосу және осындай игі істерге қала тұрғындарын шақыру.
Акцияға Ақтөбе автожол колледжінің оқушылары белсенді түрде қатысып, барлығы 50 түп көктерек ағашын екті.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында елдің экологиялық жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөліп, барша қазақстандықты бұл мақсатқа жұмылуға шақырды. Бұл – жай ғана сенбілік немесе бір реттік шара емес, бұл – ұзақмерзімді экологиялық сана мен мәдениетті қалыптастыруға арналған жоба. Осы бағытта Ақтөбе облысында да бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Аймақтың жасыл келбетін сақтап, экологиялық тәрбие беруде облыстық «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының сарбаздары белсенді. Олар өңіріміздің абаттануына үлес қосып, түрлі экологиялық акцияларға қатысуда. Мысалы, биыл көктем айларында «Таза Қазақстан» акциясы аясында Шығанақ Берсиев ескерткіші жанында, Триатлон саябағында, сондай-ақ Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы қатысушыларымен бірге Қалалық мәдениет үйі жанындағы саябақта «Туған қалаңа ағаш сыйла» акциясын өткіздік. Нәтижесінде 600-ге жуық көшет отырғызылды. Бұл шара күз айларында да жалғасады, – дейді Ақтөбе облыстық «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары штабының менеджері Назерке Үргенішбай.
Биыл жасылелдіктер көктемгі екі айда қаланың түрлі аудандарында тазалық жұмыстарын жүргізген. Атап айтқанда, «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы, «Қаржыгерлер» саябағы, «Ұлы Отан соғысының батырлары» алаңы, Мәңгілік алау аллеясы мен «Зеңбірек» ескерткіші маңында сенбіліктер ұйымдастырған. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесе отырып, «Астана» саябағында абаттандыру және тазалау жұмыстары жүргізілген. Ақтөбе су қоймасында, Елек, Қарғалы, Жаман Қарғалы өзендерінің жағалауларында бірнеше мәрте «Таза қала – таза жағалау» экологиялық акциясы өткізілген. Нәтижесінде 400 тоннаға жуық қоқыс шығарылған.
– Бұл – бір реттік емес, жүйелі түрде жүргізілген іс-шаралар. Сондай-ақ биыл «Жасыл ел» жасағының сарбаздары «Бұлақ көрсең – көзін аш» ұранымен Маржанбұлақ ауылындағы «Асыл су» бұлағының, Солтүстік айналма тас жолындағы «Ислам» бұлағының айналасын тазартып, табиғи су көзін сақтау жұмыстарын жүргізді. Кірпішті тұрғын үй алабындағы «Махаббат тауы» аталатын жерде 300 белсендінің қатысуымен «Jasyl Cross – 2025» экологиялық марафон-плоггингі ұйымдастырылды. 500 қапқа жуық (10 тоннадан астам) қоқыс шығарылды. Бұл шараға «Жасыл ел» сарбаздарымен қатар үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық кеңес мүшелері, орман шаруашылығы қызметкерлері, жастар ресурстық орталығы мамандары мен ерікті жастар белсене қатысты, – дейді ол.
«Жасыл ел» жасағының сарбаздары 13 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өтіп жатқан күзгі екі айлық акцияда да көп жұмыс атқармақ.
Данагүл ҚАЗИХАН,
Ақтөбе облысы