Теміржол саласында түйткіл көп. Пойыз вагондарының сапасы сын көтермейді. Соған қарамастан билет құны жыл сайын өсіп жатыр.Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында бұл мәселені назардан тыс қалдырған жоқ.
– Жұрттың вагондардың жай күйіне көңілі толмайды. Астанада вагон құрастыратын зауыт іске қосылды. Бұл осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жасалған маңызды қадам болды. Озық халықаралық стандартқа сай жабдықталған заманауи жолаушылар вагонын жасау шетел инвесторының қатысуымен қолға алынады, – деді Президент.
2022 жылы елімізде 40 жыл қызмет екен 257 вагон қолданыстан шығарылған. 2023 жылы Қазақстандағы жолаушылар вагондарының үштен бірінің «жасы» 30-дан асқан. Нақтырақ айтсақ, 900-ден астам жолаушылар вагоны, яғни жалпы парктің шамамен 35 пайызы 30 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді.
Бұл ескі вагондар негізінен жолаушылар ағыны ең жоғары маусымда пойыз құрамына қосылады. Қазір ел аумағында 130-дан астам жолаушылар пойызы қатынайды. Жалпы, 2,6 мың вагон болса, олардың тозу деңгейі орта есеппен – 46 пайыз. Яғни, бүкіл вагонның жартысы тозған.
Осыған дейін Президент Қ.Тоқаев отандық туризмді тежейтін елеулі түйткілдің бірі – көлік инфрақұрылымының нашарлығынан екенін айтқан болатын. Туризмді дамытуға арналған кеңесте сөз сөйлеген Мемлекет басшысы саланың басты проблемаларын атаған еді.
– Еліміздегі теміржол саласы сын көтермейді. Вагондардың көбі әбден ескірген. Кейбір вагондарда, тіпті, кондиционер де жоқ. Үкімет алдағы бес жылда вагондар паркін жаңартуға тиіс. Бұл жұмысты созбай, жедел аяқтау қажет. Сондай-ақ теміржол стансаларының аумағын абаттандыру керек, барлығы халықаралық стандарттарға сай болуға тиіс. Жаз айларында жолаушылар саны күрт артатыны белгілі. Жұрт жиі баратын жерлерге жайлы вагондары бар пойыздарды көбейту қажет. Бұл – өте жедел атқаратын міндет. Бір сөзбен, мұндай ахуал аймақтардың туристік әлеуетін толық ашуға мүмкіндік бермей отыр, – деді Президент.
Жыл сайын жаз мезгілінде кондиционері жоқ вагондарға наразылық білдірушілер көбейеді. Жолаушылардың шағымынан мезі болды ма, әлде шынында солай ма, «Жолаушылар тасымалы» енді тек 5 жылдан кейін ғана кондиционері бар вагондар жүретінін мәлімдеді. Өйткені кондиционері жоқ вагондарды 2029 жылы, қызмет ету мерзімі аяқталғаннан кейін ғана алып тастау жоспарланған. Ал әзірге оған дейін кондиционері жоқ вагондар қызмет көрсете бермек.
– Барлық паркті есептегенде, ауаны баптау жүйесімен (АБЖ) жабдықталған стандартты вагондар 57 пайызды құрайды және олар әртүрлі бағытта жүреді. Ескі вагондарда зауыттың конструкциясы бойынша кондиционер жоқ және оларды қызмет ету мерзімі өткеннен кейін алып тастау жоспарланып отыр. Алайда АБЖ-мен жабдықталмаған барлық вагонда желдету жүйесі қарастырылған. Жолға шығар алдында вагондардың желдеткішінің жарамдылығы, сондай-ақ терезелерді ашу тетігі тексеріледі, – деп мәлімдеді «Жолаушылар тасымалы».
Жолаушылар желдеткіші бар вагондарды билет алар кезде таңдай алады. Бірақ бұл бәріне бірдей қолжетімді емес, тек белгілі бағыттарда ғана пайдалануға болады.
– Жолаушыларды вагондардың техникалық жарақтандырылуы туралы алдын ала хабардар ету міндетін шешу үшін пойыз маршруты, вагонның реттік нөмірі және олардың техникалық жарақтандырылуы туралы ақпараты бар веб-ресурсқа сілтейтін QR-кодтар ілу жөніндегі жоба іске асырылып жатыр. Сонымен қатар онлайн сату жүйелерінде вагондардың техникалық жабдық-талуын сипаттайтын арнайы шартты белгілерді орнатудамыз, – деп хабар-ланған болатын осыған дейін. Алайда QR-код арқылы вагонның техникалық жабдықталуы туралы ақпарат беру жобасы толық жүзеге асқаны немесе барлығына қолжетімді екені туралы ресми дерек таппадық. Бұл бастама да ішінара ғана орындалып отыр деген
сөз.
Жолаушылардың ескірген вагондарда жүруге мәжбүр болуының тағы бір себебі – олардың барлығын сұраныс жоғары кезеңдерде пайдаланудан шығару. Көлік министрі Марат Қарабаев: «Еліміздегі теміржол паркі вагондарының шамамен 30 пайызы тозған, кейбірі 25 жылдан астам уақыттан бері пайдаланылып келеді. Вагондардың бұл санатына тыйым салу жоспарланып отыр, бірақ мұндай өзгеріс бірден жүзеге аспайды», – деп ашық айтты.
Сала басшысының айтуынша, барлық ескі вагондарды бірден шығарып тастау маусым кезінде пойыз жетіспеушілігіне әкеліп соғады. Бұл өз кезегінде қозғалыс кестесінің бұзылуына және жолаушылар наразылығына себеп болуы мүмкін.
Теміржол саласындағы түйткілдер шешілмей келе жатқанына қарамастан жыл сайын билет бағасының қымбаттайтыны да жолаушылардың қалтасына салмақ. Мәселен, былтыр 1 қазанда пойыз билеттерінің бағасы өсті. Көлік министрлігі елде 140 жолаушылар бағыты бар екенін, ал тарифтің көтерілуі тек 62 бағытқа әсер еткенін мәлімдеді.
– Бұл вагон паркін жаңарту, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту және қызметкерлердің жалақысын көтеру үшін қажет. Сонымен қатар соңғы 10 жылда әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушылар тасымалы тарифтері инфляция деңгейіне индекстеуді қоспағанда, көтерілмегенін ескеру маңызды, – деп түсіндірген болатын министрлік өкілдері.
Арада жарты жыл өтпей биыл 1 наурыздан бастап барлық әлеуметтік маңызы бар облысаралық бағыттарға және кейбір қала маңы пойыздарына билет бағасының шекті деңгейінің өзгеретіні туралы хабарланды.
– Бұл тасымалдаушының жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар бағыттарда тасымалдауға байланысты шығындарын ұзақмерзімді субсидиялау шарттарына сәйкес 7 пайыздық жоспарлы индекстеуге негізделген. Нақтырақ айтсақ, баға барлық әлеуметтік маңызы бар пойыздарға өседі, тек №29, 71, 102, 112 пойыздарына, сондай-ақ «Тальго» құрамындағы «Гранд купе» және «Бизнес» вагондарына әсер етпейді, – деп мәлімдеді компания өкілдері.
Билеттің бұл қымбаттауын өкілдіктер жыл сайынғы шара деп түсіндірді.
– Былтыр инфляция 20 пайыздан асып түскен кездің өзінде билеттер 7 пайызға ғана қымбаттады. Биыл да баға осы көлемде ғана өседі, – деді ведомство.
Айналдырған алты айда жол жүру тарифтерінің екі рет қымбаттауы халықтың қалтасына біраз салмақ. Біріншісінде – «вагон паркін жаңартып, көрсетілетін қызметтер сапасын жақсартып, қызметкерлердің жалақысын көтеруді» көздесе, екінші ретте компания «жоспарлы индекстеуге» сілтеді. Алайда тариф екі рет көтерілгенімен вагондардың сапасы жақсырмайтыны қынжылтып отыр.
Жол жүру тарифтерінің қымбаттағанына қарамастан жолаушылардың билет таппай сабылатыны тағы бар. «Жолаушылар тасымалы» билет тапшылығының негізгі себебіне вагон жетіспеушілігі тікелей себепші дейді. Бұдан шығудың бір жолы – жаңа вагондар сатып алу.
– Қазір Қазақстан темір жолдарына 2 мыңнан астам вагон қажет, оның ішінде шамамен 700-і – Talgo үлгісіндегі вагондар. Компания вагон паркін жаңарту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Өткен жылы ел ішінде өндірілген 150 жаңа вагон іске қосылып, олар Павлодар-Түркістан, Қызылорда-Семей және Ақтөбе-Маңғыстау бағыттарында қатынап жүр. Биыл тағы 157 вагон сатып алу жоспарланған. Біз Швейцария компаниясымен келісімшартқа қол қойдық. Ол бізге 2025 жылдан 2030 жылға дейін 537 вагон жеткізеді. 2030 жылға қарай біздің вагон паркінің 90 пайызы жаңартылады. Қазір 400 вагонда кондиционер жүйесі орнатылмаған, – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі Нариман Дүйсекeев.
Жаңа вагондар жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етері анық. Олар адамға ыңғайлы, жайлы әрі заманауи инженерлік шешімдермен ерекшеленеді. Әзірге терезесі ашылатын, желдеткіші мен биотуалеті бар вагондар арман болып қала бермек. Заманауи вагондар келгенде билет бағасының қалай шарықтайтыны айтпаса да түсінікті.
А.БИМЕНДІ