Қасым-Жомарт Тоқаев: Елдің түпкі мүддесі ескеріледі

17 қазан, 2025 / Ділда УӘЛИБЕК
сурет: akorda.kz

Осы аптада Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, алда атқарылуға тиіс жұмыстардың бағытын айқындап, бағдарын нақтылады. Алғашқы отырысқа Парламент, Президент Әкімшілігі, Үкімет, саяси пар­тиялардың өкілдері мен сарапшылар қа­тысты. Нақтырақ айтқанда, заңгерлер, ға­лымдар, қоғам қайраткерлері мен бас­қа да түрлі саланың танымал маман­дары шақырылды.

Жауапты міндет

Президент жиында сөйлеген сөзінде парламенттік реформаны ел алдындағы аса маңызды әрі жауапты міндет деп ата­ды. Бұл мәселені азаматтар, сарап­шы­лар, сондай-ақ қазіргі Парламент жан-жақты талқылауға тиіс екенін жет­кізді.
– Бүгін біз Парламенттік реформа бойынша Жұмыс тобының алғашқы отырысына жиналдық. Өздеріңіз білесіздер, өткен аптада арнайы Жұмыс тобын құру туралы Өкімге қол қойдым. Парламенттік реформа – еліміздің ал­дын­да тұрған аса маңызды, жауапты жұ­мыс. Жолдауымда бұл мәселе азамат­тық секторда, сарапшылар ортасында, сон­дай-ақ қазіргі Парламентте жан-жақ­ты талқылануы қажет деп нақты айт­тым. Бүгін, міне, бірінші отыры­сы­мыз­да Парламенттің, Президент Әкім­ші­лігінің, Үкіметтің және саяси пар­тия­лар­дың өкілдері, заңгерлер, ғалымдар, қо­ғам қайраткерлері бар. Бәрі де елге та­нымал азаматтар, түрлі саланың ма­ман­дары. Тағы да қайталап айтқым ке­леді: Парламенттік реформа – еліміздің, хал­қымыздың тағдырына тікелей қаты­сы бар мәселе. Жұмыс тобының әр мү­ше­сі осы тарихи міндетті дұрыс түсініп, бел­сенді жұмыс істейді деп сенемін, – де­ді Президент.

Ортақ ұстаным, салмақты ұсыныс қажет

Мемлекет басшысы елімізде саяси жә­не әлеуметтік-экономикалық бағыт­тар бойынша ауқымды өзгеріс жүріп жат­қанына да тоқталып өтті. Прези­дент­­­­тің сөзінше, реформалар жалғасуы ке­рек, бір орында тоқтап қалуға бол­май­ды. Бұл ретте жалпы жаңғыру стра­те­гиясы «Күшті Президент – ықпалды Пар­ламент – есеп беретін Үкімет» тұ­жырым­дамасына сай жүргізілетін бо­ла­ды.
– Баршаңызға мәлім, елімізде түрлі ба­ғытта ауқымды өзгерістер жасалуда. Бір ел болып саяси, әлеуметтік-эконо­ми­­­ка­лық реформаларды жүзеге асырып жа­тырмыз. Осы өзгерістер жалғасын табуы керек. Бір орында тұрып қалуға бол­майды. Мемлекетімізді түбегейлі жаң­ғырту стратегиясын «Күшті Президент – ықпал­ды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына сай жүргізе беру маңыз­ды. Бұл – елімізде Президенттік би­лік жүйесінің тиімділігі сақталады де­ген сөз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 
Сондай-ақ ол бұл өзгерістің бәрі әлем­дегі үрдістер мен дамыған елдердің тә­­жірибесіне сай келетінін баса мән бе­ре айтты.
– Жалпы, бір палаталы Парламентке көшу халықаралық үрдіске толық сай келеді. Әлем елдерінің үштен екісінде осын­­дай парламенттік жүйе қалыптас­қан. Дәл қазір бізге керегі – ортақ ұста­ным және парасатты, салмақты ұсыныс. Сондықтан барлық ой-пікірді, ұсынысты мұ­қият зерттейміз, егжей-тегжейлі қарай­мыз, – деді Президент.

Шамамен 40 бапқа өзгеріс енгізіледі

Мемлекет басшысы бұл мәселе қо­ғам­да қызу талқыланып, түрлі ой-пікір айтылып жатқанынан хабардар екенін жеткізді. 
– Бір палаталы Парламент құру ту­ра­лы бастама инновациялық саяси ше­шім болды. Қазір ел ішінде, әлеуметтік же­ліде түрлі ой-пікірлер айтылуда. Ба­сым көпшілігі мұны «әбден пісіп-же­тіл­ген мәселе» деп санайды. Тіпті, «Ха­лық­тың көбі қолдаған бастаманы талқылап, референдум өткізудің қажеті жоқ» деген ойлар да айтылып жатыр. «Реформаны созу­дың қажеті жоқ, таяу арада қысқа мер­зім ішінде жасай салуға болады» де­ген пікірлер де бар. Шын мәнінде, қай жа­ғынан алып қарасақ та, мәселе өте өзек­ті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ мұндай ашық пікір біл­діру, түрлі ой айтылуы оң үрдіс екенін айт­ты. Себебі – мәселе ауқымды, тіпті аса күрделі деуге болады.
– Азаматтарымыздың әртүрлі пікір ай­тып, белсенді болғаны – жақсы үрдіс.
Дегенмен парламенттік реформа – аса күрделі жұмыс. Асығыстыққа жол беру­ге болмайды. Себебі бұл – еліміздің тағдырын шешетін жағдай. Бұл – мем­ле­кеттің болашағына тікелей ықпал ете­тін қадам. Мұндай маңызды шешім кең ауқымды талқылау арқылы қабыл­дану­ға тиіс. Қазақстан – халық үніне құ­лақ аса­тын Әділетті мемлекет. Бұл – мыз­ғымас ұстаным, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзгерістер туралы нақтырақ айтар бол­сақ, негізгі заңның 40-қа жуық бабы өз­гер­мек. Содан соң кем дегенде 10 конс­ти­ту­ция­лық заңға және 50-ден астам кодекс пен заңға түзету енгізу керек болады.
– Мемлекет басшысы ретінде мен үшін Пар­ламент – еліміздегі саяси жүйенің не­гізгі тірегі. Сондықтан алдымен Конс­ти­ту­ция­ға бірқатар өзгеріс енгізу қажет болады. Не­гізгі заңның 40-қа жуық бабы өзгереді. Со­дан соң кем дегенде 10 конституциялық заң­ға және 50-ден астам кодекс пен заңға тү­зету енгізу керек болады. Мұны жаңа Конс­титуция қабылдаумен тең келетін іс деуге болады. Әрине, бұл жұмыстың бәрін та­бан астында, бір сәтте жүзеге асыру мүм­кін емес. Тыңғылықты дайындық керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Парламентті реформалау Сенатты тарату деген сөз емес

Президент алдағы реформаның кейбір концептуалды тұстарына қатысты ой-пі­кі­рін білдірді.
Ең алдымен, барлық реформа тек эво­лю­­циялық жолмен жүреді. Яғни, аза­мат­тар­дың сұранысы, төл ерекшелігіміз бен елі­міздің түпкі мүддесі ескеріледі. Пар­ла­мент­тік реформа кезең-кезеңімен іске асы­рылып келе жатқан ауқымды саяси жаң­ғырудың қисынына сай келеді.
– Естеріңізде болса, саяси рефор­ма­лар­дың төрт пакеті аясында парламенттік оп­­­­­позиция туралы норма бекітілген еді. Он­да өкілдері аз партияға Мәжілістің тұ­рақ­ты комитеттерінің бірінде төрағалық лауа­зым атқару және парламенттік тыңдау өт­кізу туралы бастама көтеру құқығына ке­пілдік берілді, – деді Президент.
Бұдан бөлек, партиялар Парламентке өтуі үшін сайлаудың төменгі шегі азай­тыл­ды. Содан соң 2022 жылы жүргізілген конс­ти­туциялық реформаның арқасында біз Мә­жілістің құзыретін елеулі түрде кеңейт­тік. Нақты айтқанда, бүгінде Мәжіліс заң қа­былдайды, ал Сенат мақұлдайды. 
– Бұл алғашқы қадамдар еді. Енді кейін­гі жылдары қоғамдағы саяси мәдениеттің едәуір өскенін ескере отырып, біз бірте-бір­те және байыпты жолмен бір палаталы Пар­ламентке өтуді бастаймыз, – деді Мем­лекет басшысы.
Екіншіден, парламенттік реформа «Күш­ті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» саяси формуласына то­лық сай келеді. Бұл – мемлекетіміздің құры­лымын айқындайтын басты тұжырым. Түп­теп келгенде, парламенттік реформа жә­не осыған дейін жүзеге асырылған ре­фор­малар біздің аймақта бұрын-соңды бол­маған, шын мәнінде, жаңа басқару жүйе­сінің негізін қаламақ.
– Сондай-ақ тағы бір маңызды мәселеге на­зар аударғым келеді: Парламентті рефор­ма­лау – Сенатты тарату деген сөз емес. Мұндай қате пікірге жол беруге болмайды. Біз­дің алдымызда тұрған мақсат – айқын. Біз өкілді билік тармағын түбегейлі жаң­ғыр­туымыз керек. Осылайша, азаматтары­мыз­дың мүдделері мен тілек-ниетін біл­діре­тін заң шығарушы орган мүлде жаңа сипат­қа ие болады, – деді ол.
Үшіншіден, алдағы реформа экономика, әлеу­меттік және технологиялық даму секіл­ді басқа да салалардағы жан-жақты жаң­ғыру­лармен үйлесім таппақ. Мысалы, циф­р­ландыру мен жасанды интеллектіні ен­гізу күллі әлемдегі мемлекеттік басқару жүйесін өзгертетіні сөзсіз. Бірқатар елде қа­зірдің өзінде «электрондық немесе цифр­­лық парламент» элементтері сынақ­тан өткізіле бастады. Бұл азаматтарды саяси өмірге ара­ластырудың жаңа форма­ла­рын қамтамасыз етіп, заң шығару үдерісі­нің тиімділігін арт­тыру мақсатында жасал­мақ.
– Келешекте бұл үрдіс күшейе түспек. Сон­дықтан біз де осы бағытқа саналы түр­де күш саламыз. Алдағы уақытта e-Parlament қазіргі электрондық үкімет – e-Gov сияқты сұранысқа ие құралға айналуы мүм­кін. Сол себепті бір палаталы Парла­мент­ке өту бір есептен жұмыстың жаңа қ­а­лыбы мен қарқынына, тез шешім қа­был­дауға бейімделуді көздейді. Яғни, заман өз­геріп жатыр, ол өз талабын орындатады, e-Parlament жүйесі қыр астында тұр. Жа­қында өмірімізге дендеп енуі мүмкін. Сон­дықтан заң қабылдауда мүлде қате жіберуге бол­майды. Заң шығару жұмысын жақ­сарту­дың жаңа тетіктерін енгізу аталған үде­ріс­пен қатар жүруі қажет. Мұны халықаралық тәжірибе де көрсетіп отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Партиялар – саяси диалогтың алғышарты

Бұл ретте болашақ депутаттар корпусы­ның білімі мен білігі маңызды факторға ай­налмақ. Олардың қатарында нағыз кә­сіби мамандар болуы керек.
– Парламент кәсіби болуға тиіс. Бұл – өте маңызды міндет. Парламентті пропор­ция­лық жүйемен, яғни партиялық тізіммен жа­сақтау туралы ұсыныс дәл осы міндеттен туын­дап отыр. Бір палаталы Парламентте пар­тиялардың көп болуы саяси диалогты кә­сіби негізде өрбітуге ынталандырады. Жаңа жағдай партия жұмысына тың та­лаптар қояды. Демек, популизм цифр­лан­дыру кезеңінде маңызды рөл ойнамайды, керісінше, кәсібиліктің бәсі жоғарылай түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл ретте Президент жалпы Пар­ла­мент­тің маңызы кемімейтіні, бәсі төмен­де­мейтінін де баса айтты.
– Парламент – Тәуелсіздігімізді және мем­лекеттігімізді айшықтайтын маңызды құ­рылым. Бұл ешқашан өзгермейтін ақи­қат, алдағы уақытта да солай болып қала береді, – деді ол.
Ал референдумға дейін атқарылатын жұмыстың бәрін мұқият ойластырып, байып­пен жүргізу қажет. Білікті мамандар өз ойларын ашық айтып, тиімді ұсыныстар беруі керек. Түпкілікті шешім, яғни қоғам пі­кірі дұрыс болуы үшін осы мәселеге қа­тыс­ты айтылатын әрбір ой-пікір де әбден тек­серілген, екшелген, жан-жақты сарап­тал­ған болғаны абзал.
– Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан Жұмыс тобы өз міндетін нағыз кәсіби ұс­та­нымға сай атқаруға тиіс. Атап айтқанда, е-Otinish және е-Gov порталдары арқылы келіп түскен барлық ой-пікірді сараптап, зер­делеу қажет. Біз Әділетті мемлекет ре­тін­де әр азаматтың ортақ іске пайдалы бо­ла­тын ұсынысын ескеруіміз керек. Ата Заңға енгізілетін әрбір өзгеріс мұқият пысықталып, дайындалуға тиіс. Әр баптың, әр норманың мән-мағынасына терең бой­лаған жөн, яғни құқықтық, процедуралық мәселелерді нақты айқындап алуымыз қа­жет. Бұдан бөлек, басқа да көптеген мә­се­ле пайда болуы мүмкін. Қысқасы, ал­ды­мызда тұрған шаруа – өте ауқымды. Жұмыс тобына үлкен сенім артылып отыр, – деп сөзін түйіндеді Мемлекет басшысы.