17 қазан күні Scat әуе компаниясының Астана – Өскемен бағыты бойынша тұрақты рейсін орындап жатқан ұшақ ұшып шыққан әуежайға қайта оралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Scat әуе компаниясының баспасөз қызметі хабарлағандай, ұшақтың шұғыл оралуына әуежайдағы қолайсыз ауа райы – қою тұман мен 50 метрден аспайтын көріну мүмкіндігі себеп болған. Мұндай жағдайлар әуе кемесінің қауіпсіз қонуына қажетті белгіленген метеоминимумдарға сай келмейді.
«Қосымша хабарлаймыз: 10:00-ден 18:00-ге дейінгі аралықта Астана әуежайының жұмысында уақытша шектеулер болғандықтан рейсті орындау мүмкін емес. Барлық факторларды ескере отырып, рейс уақыты 18:30-ға ауыстырылды», — деп мәлімдеді баспасөз қызметі.
Әуе компаниясы жолаушылардан қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды және жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі – басты басымдық екенін атап өтті. Барлық шешімдер халықаралық авиациялық стандарттар мен қолданыстағы қауіпсіздік нормаларына сәйкес қабылданады.
Рейс кестесіндегі жаңартуларды әуе компаниясының ресми ресурстарынан және мобильді қосымша арқылы бақылауға болады.