Қарағанды – Астана тасжолында жантүршігерлік жол апаты болды

17 қазан, 2025 / Алуа Арман
видеодан скриншот

Қарағанды – Астана тас жолында Toyota Estima көлігі мен КамАЗ жүк көлігі соқтығысып, жүргізуші оқиға орнында көз жұмды, ал жолаушы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әлеуметтік желілерде тараған видео кадрларында Toyota Estima көлігінің алдыңғы бөлігі түгелдей қирағаны, сынықтардың жол бойына шашылғаны көрінеді.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, Қарағанды – Астана автожолында болған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«Анықталғандай, 22 жастағы Toyota Estima көлігінің жүргізушісі Қарағанды бағытына қарай келе жатып, бір бағытта қозғалып бара жатқан КамАЗ жүк көлігінің артқы бөлігіне соғылған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Toyota Estima жүргізушісі алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Жолаушы медициналық мекемеге жеткізілді. Қазір бұл факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр», — деп хабарлады ведомство.

Қарағанды облысы полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жылдамдық режимін асырмауға тағы да шақырды.

Тэгтер:

Жол апаты Тас жол Қарағанды Астана