Қоғамдық орындарға алаяқтардың суреті ілінді

Қоғамдық орындарға алаяқтардың суреті ілінді

Қоғамдық орындарға алаяқтардың суреті ілінді
ашық дереккөзі
 Елімізде бес жылда алаяқтық 20,2 процентке өссе, Оңтүстік Қазақстанда бұл көрсеткіш екі есеге дейін артып кеткен. Осыны ескерген өңірдің прокурорлары қылмыстың осы түрімен айналысатындарды қатаң бақылауға алып, «Алаяқсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған жобаның орындалуына ішкі істер органдары мен тұрғын үй секторы, халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары да жұмылдырылған. Прокурорлар бірлесіп атқарған жұмыстардың арқасында алаяқтық қылмысы 36 пайызға төмендегенін айтады. «2010 жылы алаяқтық қылмыс 529 болып тіркелген болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 5600-ге өсіп кетті. Осы жобаның аясында қылмыс азайды. Тіпті, кейінгі кездері тіркелмеді деуге де болады. Сотты болған азаматтардың суретін қоғамдық орындарға іліп, халыққа құлақтандыру жұмыстарын жүргіздік», - дейді облыс прокурорының орынбасары Әбіл Қожахметов. Құзырлы орган өкілдері жұртты алдап соғатындардың көбі әйелдер екенін айтады. Олар негізінен алданғандардың әлеуметтік жағдайларын түзеп беруге, жұмысқа орналастыруға, кезектен тыс тұрғын үй мен жер әперемін деп ақшаларын алып келген. Көп жағдайда, алаяқтардың құрығына түсетіндер де нәзікжандылар екен. «Бір адамның өзі 50 адамнан алдап ақша алып, сазға отырғызып кеткен. Ал, қылмысқа барғандардың көбі - 84 пайызы жұмыссыздар. Олардың ішінде жоғары білімі бар азаматтар да бар. Уәдені үйіп төгіп, ақшаларын алып алған да, қашып кетіп отырған»,- дейді Ә.Қожахметов.