Түркістан облысында есірткі сатқан екі полицей ұсталды

17 қазан, 2025 / Алуа Арман
istockphoto.com

Екі күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалған, деп хабарлайды turkystan.kz.

— Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаменті мен Түркістан облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы бірлесіп, заңсыз әрекеттер жасады деген күдікпен екі полиция қызметкерін ұстады. Күдіктілердің бірі қашып кетті деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Екі күдікті де ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, — деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.

Оның айтуынша, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

— Полиция департаментінде тәртіптік комиссия отырысы өтіп, шешіммен екі бұрынғы қызметкер теріс себептер бойынша жұмыстан босатылды, — деді Шыңғыс Әлекешев.

Қалған жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік тексеріс жүргізілуде.

— Ішкі істер министрі адал емес қызметкерлерден өз қатарымызды жүйелі түрде тазарту бойынша жұмыстың тұрақты түрде жүргізілетінін бірнеше рет атап өткен болатын. Біз қызметтік антқа опасыздық жасауға жол бермеу және оған мүлдем төзбеушілік ұстанымындамыз, — деп қосты Шыңғыс Әлекешев.

Тэгтер:

Есірткі Түркістан облысы полицей