Астанада полицейлер мас күйінде трактор ұрлап, оны қала ортасында тастап кеткен ер адамды ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Трактор иесі оқиға туралы дереу полицияға хабарлаған, содан кейін күдікті жедел анықталып, қолға түсті.
Оқиға түнде болған. Алкогольдік мас күйдегі күдікті тракторды айдап әкетіп, Астананың орталық көшелерінің біріне тастап кеткен.
«Техника иесі оқиға туралы дереу құқық қорғау органдарына хабар берді. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ұсталды», – деп хабарлады ІІМ.
Алдын ала мәлімет бойынша, трактор иесіне шамамен 500 мың теңге мөлшерінде материалдық шығын келген.
Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.