«Қара бетпердедегі» жігіт қатерлі ісікке шалдыққан жасөспірмге пәтер мен 80 млн теңге берді (ВИДЕО)

17 қазан, 2025 / Інжу Әлихан
скриншот

Елімізде жиі қайырымдылық жасап жүрген аты-жөні белгісіз «Қара бетпердедегі» жігіт тағы бір жанды қуантты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әлеуметтік желіде ауыр дертке шалдыққан 19 жастағы Әлішердің өмір сүруіне аз уақыт қалғанын айтып,«Қара бетпердедегі» адамнан көмек сұраған видеосы тарады.

«Дәрігерлер менің жағдайым өте ауыр екенін айтты. Осы қалпымда жүрсем, бірнеше аптадан кейін өмірім үзілуі мүмкін деді. «Бетпердедегі» адам, өтінемін! М аған көмектесіңізші», – деді ол бейнежазбада.

«Қара бетпердедегі» жігіт ауруханаға арнайы барып, Әлішерге күтпеген сый жасады.

Науқас жігіттің айтуынша, ол 4 жылдан бері бауырдың қатерлі ісігімен (карцинома) күресіп келеді. Қазір аурудың үшінші сатысында және бауырында тромб пайда болған. Жақында әкесінен айырылған соң, жалдамалы пәтерде тұрып жатыр екен.

«Дәл қазір бауырымды ауыстыру керек. Беларусь елінде операция жасатуға мүмкіндік бар. Бірақ оған 80 млн теңге керек. Сол қаражатты жинап жатырмыз...», – дейді Әлішер.

«Маскадағы адам» жас жігіттен ең үлкен арманы не екенін сұрағанда, ол ауыр күрсініп:

«Тек жазылып кетсем деймін. Кейде өзімнен сұраймын: «осы уақытқа дейін босқа шыдадым ба?» деп» –  дейді Әлішер.

Осы сәтте Маскадағы жігіт Әлішерге керекті қаражат пен пәтер кілтін табыс етті.

«Бүгіннен бастап Алла сізге жаңа өмір сыйласа екен деп тілеймін. Мына конверттің ішінде еміңізге қажет толық қаражат бар. Ал мына кілт — өз пәтеріңіздің кілті. Бұл жаңа өмірдің бастамасы болсын», – деді ол.