"15 жасынан 42 жасына дейін": отбасы асырап алған қызын 27 жыл бойы қамап ұстаған

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Польшада 42 жастағы әйелді 27 жыл бойы асырап ата-анасы қамап ұстағаны анықталды. Тергеу мәліметінше, қызды асырап алған ата-анасы оны 15 жасында бөлмеге қамап, содан бері сыртқа шығармаған, деп хабарлайды turkystan.kz rmf24.pl-ға сілтеме жасап.

Оқиға Мирелла есімді әйелдің көршілері полиция шақырғаннан кейін белгілі болды. Олар пәтерден шыққан айғай мен ұрыс-керіс даусын естіген. Тәртіп сақшылары келгенде, қарт ерлі-зайыптылар көмек қажет емес деп, есікті ашпай қойған. Бірақ полицейлер ақыры үйге кіріп, сұмдық көрініске тап болған.

Бөлменің ішінде 42 жастағы әйел өте әлсіз, лас күйде, жарық түспейтін бөлмеде отырған. Кейін оның ерлі-зайыптылардың асыранды қызы екені анықталды. Қыз 15 жасынан бері оқшау өмір сүрген, сыртпен байланыссыз, тіпті ваннаға да баруға рұқсат етілмеген.

Көршілер қыз қайда кеткенін сұрағанда, отбасы оны биологиялық ата-анасына қайтарып алды деп өтірік айтып келген.

Қазір Мирелла дәрігерлердің бақылауында. Жағдайы ауыр, ол өздігінен баспалдақпен жүре алмайды, құжаттары да жоқ. Ол ешқашан жәрдемақы алмаған, тіркеуде болмаған, тіпті ресми түрде өмір сүрмеген адам саналған.

Психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер оған қоғамға бейімделуге көмектесіп жатыр. 

Тэгтер:

Отбасы қамау жас