Қарағанды облысында нашақорлықтың алдын алу үшін Esbol qory фронт-кеңсесі ашылды

Бүгін, 15:28 / Інжу Әлихан
gov.kz

Облыстық Жастар ресурстық орталығының базасында Esbol qory фронт-кеңсесі ашылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның басты мақсаты – жастар арасында нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу, сондай-ақ жасөспірімдер мен студенттерге өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру. Қазір фронт-кеңсе жұмысы қарқын алып келеді. Ал алдағы уақытта мұнда түрлі тренингтер, шеберлік сабақтары және мамандармен кездесулер өткізілмек.

Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып отыр және «Салауатты сана» жобасы аясында қолға алынған. Жобаның мақсаты – қоғамда кең таралған келеңсіз құбылыстар: лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм мен ысырапшылдықтың алдын алу және олардың теріс әсерімен күресу.

— Фронт-кеңсе ашық алаң ретінде құрылған. Мұнда тренингтер, шеберлік сабақтары, мамандармен кездесулер мен форумдар өткізу жоспарланған, — дейді Жастар ресурстық орталығының директоры Аслан Қабергенов. — Біздің басты мақсатымыз – жасөспірімдер мен студенттердің бойында салауатты өмір салты құндылықтарын, өз болашағына және денсаулығына деген жауапкершілікті қалыптастыру.

Фронт-кеңсенің жұмысы мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен білім беру мекемелерінің өзара ынтымақтастығына негізделген. Жобаға Полиция департаменті, Жастар денсаулығы орталығы және Ресурстық орталық серіктес ретінде қосылды. Бір айдың ішінде психобелсенді заттардың алдын алу бағытында бес рейд және үш ақпараттық сессия өткізілді. Нәтижесінде өңірде екі есірткі дүкені анықталып, жабылды. Бұл «Мерген» атты жасанды интеллект жүйесінің көмегімен мүмкін болды. Аталған жүйе QR-кодтарды сканерлеп, ақпараттық кеңістікті автоматты түрде бақылап, есірткі сату белгілері бар интернет-дүкендерді анықтап, бұғаттайды.

— Қазір фронт-кеңсе құрамында бес қызметкер мен елуге жуық волонтёр бар. Олардың қатарында құқық қорғау органдарының өкілдері мен психолог жұмыс істейді, — дейді Esbol qory фронт-кеңсесінің жетекшісі Мерейлі Жақсылық. — Бізде нашақорлықтың алдын алуға арналған бағдарламалармен қатар, тәуелді адамдарға көмек көрсетуге бағытталған жобалар да бар. Оларға психологиялық қолдау көрсетіп, жұмысқа орналасуға жәрдем береміз. Ең бастысы – олардың өздері өзгеруге ниетті болуы керек. Бізде емделіп шыққан адамдардың нақты мысалдары бар. Қазір олар өз еркімен волонтёр болып, бізге көмек көрсетіп жүр.

Алдағы уақытта фронт-кеңсе жастар денсаулығы орталықтарымен, оңалту орталықтарымен және полициямен бірлесе жұмыс істемек. Сонымен қатар, ақпараттық науқандар, форумдар мен мәдени жобалар ұйымдастыру жоспарланған. Жыл соңына дейін кемінде 200 жасқа әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету, сондай-ақ 70-тен астам еріктіні алдын алу шараларына тарту көзделіп отыр. Бұдан бөлек, мамандар заңсыз есірткі саудасының онлайн және офлайн арналарына мониторинг жүргізіп, анықталған деректерді құқық қорғау органдарына жолдайтын болады.