«Қалбатау – Майқапшағай» автожолының негізгі жұмыстары аяқталып, толық қозғалыс ашылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар «Қалбатау – Майқапшағай» (906-1321 шақырым) автомобиль жолын қайта жаңарту бойынша негізгі құрылыс жұмыстарын аяқтап, ұзындығы 415 шақырымды құрайтын учаскеде көлік қозғалысын толық ашты.
Жоба Президенттің көлік-логистикалық әлеуетті дамыту және еліміздің ұлттық жол желісін жаңғырту жөніндегі стратегиялық міндеттерін іске асыру мақсатында жүзеге асырылды. Жоба Қытай Экспорт-импорт банкінің және Республикалық бюджеттен бірлесіп қаржыландыру арқылы жүзеге асырылды.
Қайта жаңарту жұмыстары Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының аумағындағы 10 учаске мен 2 жол пайдалану бөлімшесін қамтыды. Негізгі құрылыс және асфальтбетон төсеу жұмыстары толығымен аяқталды, ал жол бойындағы инфрақұрылымды абаттандыру шаралары биыл қараша айының соңына дейін толық аяқталмақ.
Жол құрылысына негізінен отандық құрылыс материалдары мен жергілікті жұмыс күші пайдаланылды. Бұл өз кезегінде жергілікті халықты жұмыспен қамтуына және өңірдің экономикасының дамуына оң әсер етті.
Жоба шеңберінде 8 асфальтбетон зауыты жұмыс істеді. 2,4 млн тонна асфальтбетон қоспасы өндіріліп, 1,3 млн текше метр қиыршық тас пайдаланылды. Сондай-ақ, шамамен 1100 бірлік жол-құрылыс техникасы және 1800-ден астам маман тартылды.
Қайта жаңарту аясында 37 көпір, 2 жол өткелі, 2 көлік айрығы, 349 су өткізу құбыры, 5 демалыс алаңы және 2 санитарлық-гигиеналық торап салынды. Бұл шаралардың барлығы жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ жүргізушілер мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев жобаның стратегиялық маңызын ерекше атап өтті:
«Қалбатау – Майқапшағай» тасжолы еліміздің көлік саласының маңызды бөлігі. Бұл жол Қазақстанның орталық және шығыс өңірлерін Қытай Халық Республикасының шекарасымен байланыстырады. Жобаның жүзеге асырылуы транзиттік әлеуетті арттыруға, өңіраралық және халықаралық байланысты нығайтуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және азамттар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл – еліміздің экономикалық тұрақты дамуына бағытталған жол инфрақұрылымын жаңғыртудың кең ауқымды жұмысының нәтижесі», - деді ол.
«Қалбатау – Майқапшағай» автожолында көлік қозғалысын ашу еліміздің көлік жүйесін жаңғырту және халықаралық стандарттарға сай, қауіпсіз әрі бәсекеге қабілетті заманауи жол желісін қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырудың маңызды кезеңі болмақ.